Судьяларды тәртіптік жауапқа тарту мерзімі ұзартылады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Судьяларды тәртіптік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдері ұзартылуы мүмкін. ҚР Праламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Нәзилә Раззақ осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тағы бір бағыт кадрларға байланысты. Президент сот жүйесіне кәсіби мамандарды тарту туралы нақты тапсырма берді. Осыған орай, заң жобасында мынадай ұсыныстар көзделеді.
Бірінші – құқық саласындағы негізгі бағыттар бойынша мамандандырылған судья лауазымына үміткерлерге арналған мамандандырылған біліктілік емтиханын енгізу.
Екінші – біліктілік емтиханына қайта жіберу мерзімін 6 айдан 3 айға дейін қысқарту.
Үшінші – басқа соттарға кандидаттарды іріктеу кезінде құрамы аз және шалғайдағы соттарда кемінде 5 жыл жұмыс істеген судьялар үшін басымдық белгілеу», - деген Мәжіліс өкілі заң жобасныда Жоғарғы сот кеңесінің мүшелерінің айлығын Жоғарғы сот судьясының еңбекқаысымен теңестіру де ұсынылып отырғанын атады.
«Төртінші – судьяларды тәртіптік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдері заңсыз әрекет жасалған күннен бастап 1 жылдан 2 жылға дейін, ал анықталған күннен бастап 3 айдан 1 жылға дейін ұлғайту.
Бесінші – Жоғарғы сот кеңесінің тұрақты мүшелеріне Жоғарғы сот судьясының жалақысы мөлшерінде жалақы белгілеу ұсынылады», - деді Нәзилә Раззақ.