Судьялардың этикалық кодексті сақтауына мониторинг жасалуы керек - Е.Абдрасулов

Брифинг барысында заңгер Қазақстанның судьяларының қолданыстағы этикалық кодексі тұтастай алғанда, бүгінгі күннің ақиқатына сай келетінін атап өтті.
«Дегенмен, бұл кодексті толықтырып, өзектендіре түсу қажет деп санаймыз. Өйткені бүгінгі таңда кодекстің жүзеге асырылуында проблемалар жоқ емес. Мәселен, кодексті тиімді жүзеге асыру тетігін ойластыру қажет. Сонымен қатар барлық судьялардың осы кодексті сақтауына мониторингті қарастыратын нормалармен толықтырылса игі. Ондай мониторинг нәтижелерін қоғамның талқысына, судьялар қауымдастығының қарауына енгізу қарастырылғаны дұрыс», - деді Е.Абдрасулов.
Айта кетерлігі, Елбасының ұсынған бес институционалдық реформасы аясындағы «100 қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бағытында соттардың есептілігін, ашықтығын күшейту мәселесіне назар аударылады. Сонымен бірге реформаға орай судьялардың жаңа этикалық кодексін әзірлеу жүктелген болатын. Осының арқасында азаматтар ҚР Жоғарғы соты жанынан арнайы құрылатын қазылар алқасына судья әрекеттері бойынша шағымдана алатын болады.