Судьяларға қатысты талап одан сайын қатая түседі - Б. Бекназаров
АСТАНА. 28 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Судьяларға қатысты талап одан сайын қатая түседі. Бұл туралы бүгін ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Бектас Бекназаров журналистермен ресми баспасөз мәслихатын өткізу барысында мәлім етті.
Жоғарғы Сот төрағасының айтуынша, бүгінгі күні еліміздің жекелеген өңірлеріндегі судьялар біліктілігіне қатысты мәселелер баршылық. мәселен, былтырғы жылы республика бойынша 209 судьяның сот төрелігін шығаруға қатысты мониторинг жүргізіліп, олардың төменгі көрсеткішке ие болғаны анықталған. Бұндағы 209-дың ішінде 195 судья аудандық деңгейде болса, 14 облыстық сатыдағы қызметте болып отыр. «Мониторинг нәтижесінде 8 судья лауазымынан босатылды. 125 судьяға қатысты істер облыстық соттардың пленарлық отырыстарында мәселенің талқылануымен шектелді. Өйткені, кейіннен бұл судьялар өздерінің көрсеткішін жақсартты. 15 судьяға қатысты мәселені облыстық соттардың жалпы пленарлық отырыстары ҚР Жоғарғы соты жанындағы сот қазыларына жолдады. Осыдан соң 5 судья қызметке кәсіби жарамсыз деп танылса, 2-еуі өз еріктерімен жұмыстан кетуге өтініш берген. Ал 6 судьяға кәсіби біліктіліктерін арттыру туралы тиісті ұсынымдар берілді», - деді Б. Бекназаров.
Оның айтуынша ағымдағы жылдың басынан бері 103 судьяның қызметіне мониторинг жүргізілуде. Қазірдің өзінде аталған 103 судьяның ішіндегі 8-і атқарып отырған қызметінен шеттетілген.
«Сондықтан да бүгінгі күні судьялардың сот төрелігін шығаруға қатысты қатаң талаптар қойыла бастады. Кім бұны дұрыс жүргізе алмаса өтініш жазып орнын босатулары тиіс. Ал орнынан кеткісі келмегендер сот қазылары арқылы босатылады. Бұл ретте тағы қайталағым келеді, судьяларға қатысты талаптар барынша қаталдана түседі», - деді Б. Бекназаров.