Судьяларға қойылар талап күшейтілуі тиіс - жасотандықтар

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесіне орай Қызылорда облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының белсенді мүшелері дөңгелек үстел өткізіп, өз ұсыныстарын берген болатын.

Судьяларға қойылар талап күшейтілуі тиіс - жасотандықтар

«Жас Отан» Жастар қанаты Қызылорда қалалық филиалының төрағасы Талғат Тілек осыған орай өз пікірін білдіріді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі қолданыстағы заңға сәйкес, жасы жиырма беске толған жоғары білімді, заңгер мамандығының иесі және екі жылдан кем емес жұмыс өтілі бар азамат судья бола алады деп көрсетілген. Біздер кеңесе келе, судья мамандығының иесі адам тағдырына жауапты болғандықтан, екі жыл өтілден өзге де талаптар болса деген ұсыныстарымызды білдірдік. Мысалға, мемлекеттік қызметшілер сияқты судьялар да жыл сайын аттестациядан өтуі тиіс. Бұл лауазымға қабылдағанда қатаң психологиялық тексеруден өтуі керек.  Сондай-ақ сот шешімінен кейін істің қайта қаралу мүмкіндігі болуы тиіс деп есептейміз. Судья боларға дейінгі еңбек еткен мерзімінің екі жыл ғана болуы аздық етеді. Тағы бір басты мәселе судьяға қатысты бап Конституциямен бекітілуі тиіс. Біз, жасотандықтар осы ұсыныстарымызды партияның орталық аппаратына жолдадық», - дейді Т.Тілек.