Судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар қатайтылады - Парламент

Айта кетейік, Заң Елбасы айқындаған бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын атқару мақсатында әзірленген. Бұл ретте Заңда судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптарды қатаңдатуға бағытталған нормалар қамтылған. Бұдан бөлек, заң нормаларымен судьяның кәсіби қызметін бағалау белгіленеді. Мәселен, алғаш рет ол судья лауазымындағы бір жылдың нәтижелері бойынша, ал кейіннен әр бес жыл сайын жүргізіледі. Бұл ретте жиырма және одан да көп жыл судьялық өтілі бар судьялардың кәсіби қызметі мерзімді бағалаудан босатылады.
Заң аясындағы тағы бір жаңалық - судьяның отставкаға шығуы үшін судьялық жұмыс өтілі он бес жылдан жиырма жылға ұлғайтылып отыр. Сонымен қатар, Жоғарғы сот жанында Сот төрелігі академиясының жұмыс істеп, Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриінің жаңа құрылымын құру қарастырылады.
Сенаторлар судьялыққа кандидаттың жұмыс өтіліне қойылатын талаптарды түзетуді, Жоғарғы Соттың төрағасы лауазымына кандидаттар үшін міндетті судьялық жұмыс өтілі туралы талаптарды алып тастау қажет деп санаған болатын. Бұл түзетумен Мәжіліс депутаттары келісті. Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.