СУДАҒЫ ПОЛО: Қазақстан құрама командасы Әлем біріншілігінде өзінің алғашқы ойынында италиялықтарға есе жіберіп алды (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Rakhat Fitness» спорт кешенінде судағы полодан жасөспірімдер арасында (20 жасқа дейінгілер) өтіп жатқан Әлем біріншілігінде Қазақстан құрама командасы аса тартысты өткен алғашқы ойында Италия құрамасына есе жіберіп алды. Есеп 9:16.
Бірінші кезеңде отандастарымыз жанкүйерлердің қызу қолдауымен алға ұмтылып, 2:4 есебімен алға шықты. Дегенмен, екінші кезеңде тәжірибелі итальяндықтар 6:4 есебімен басым түсті. Үшінші кезеңде қонақтар қазақстандықтардың жіберген қателіктерін ұтымды пайдаланып кетті. Есеп 13:5. Төртінші соңғы кезеңде Қазақстан құрама командасы жан аямай ойнап, кезеңді 3:4 есебімен аяқтады. Бірақ, бұл әрине жеңіске жетуге аз еді. Ойын итальялықтардың жеңісімен аяқталды. Жалпы қорытынды есеп 16:9.
«Жалпы, ойынға менің көңілім толды. Жігіттер барын салды. Әрине жетілдіретін жәйттер көп. Бірақ, жігіттер әлі де жеңістерге қол жеткізеді деген үміттемін», - деді Қазақстан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Сергей Дроздов.
Айта кетелік, отандастарымыз «Д» тобында өнер көрсетеді. Мұнда Қазақстанмен қатар, Италия, Испания, Канада және Өзбекстан ұлттық құрама командалары шоғырланған.
Қалған ойындар мынадай есептермен аяқталды:
Черногория - Мысыр 14:11;
Мажарстан - Грекия 17:9;
Нидерланды - Қытай 22:11;
Сербия - Австралия 20:9;
Өзбекстан - Испания 10:25 және
Италия - Қазақстан 16:9.
Әлем чемпионаты 12-ші қыркүйекте аяқталады.