Судан: бітімге келгеніне қарамастан елде жарылыс пен атыс тоқтар емес
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2021 жылы әскери төңкеріс ұйымдастырған екі генерал билікке таласып жатқан Суданда оқ жаудыруды тоқтату режимі сақталмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews агенттігіне сілтеме жасап.
Суданда бітім ұзартылғанына қарамастан, елді басқаруға деген күрес тоқтамай жатыр. Әсіресе, Хартум мен Омдурманда, сондай-ақ апта басталғалы ондаған адам қаза тапқан Дарфур ауданында артиллерия мен авиацияны қолданған қақтығыстар жиіледі.
Астаналық дәрігерлердің бірі Associated Press агенттігіне судандық медицина қызметкерлерінің чат-тобындағы дыбыстық хабарламаны жіберген. Онда форма кимеуге және көшеде тоқтатса қызметін айтпауға шақырады, себебі RSF әскери құрылымы жараланған сарбаздарды емдеу үшін медицина қызметкерлерін ұрлап әкетіп жатыр делінген.
Түркия эвакуациялық ұшақтарының бірі Хартум аймағында оқ астында қалғанын, бірақ ешкім зардап шекпегенін хабарлады.
Британ үкіметі азаматтарын Суданнан Кипрге жеткізу операциясын аяқтап қалғанын мәлімдеді.
Халықаралық ұйым өкілдерінің сөзінше, елден жүз мыңдаған босқын кетіп жатыр.