Судан қашып шатыр үстінде отырған тұрғындарды әуе десанттары құтқарды

марафон
Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде су тасқыны басталғалы Қарулы күштердің 5400-ден астам жауынгері, 230 техникасы, 12 тікұшағы, 5 әскери ұшағы аймақтарға аттанды. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасында «Біз біргеміз» телемарафонында айтылды.

Су тасқынымен күрес басталғалы Қарулы күштердің жеке құрамы бірден атсалысты. Республикалық жедел штабтың шешімімен және Қорғаныс министрінің тапсырмасымен бүкіл аймақтарға әскерилер жұмылдырылды.

«Әсіресе ең қауырт жұмыс – әскери ұшқыштардың мойнына түсті. Олар күні-түні ауысыммен жұмыс істеп, Қостанай облысында болған алғашқы су тасқынында бір күнде 200-ден астам азаматтарды эвакуациялады. Тіпті десанттау жолымен шатырдың үстінен тұрғындарды құтқарған сәттер де болды. Бұл да үлкен шеберлікті талап етеді. Сондықтан ұшқыштардың еңбегі зор болды», - деді Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин телемарафонда.

Сондай-ақ, әскери инженерлер де құтқару жұмыстарына белсене араласты. Олар Ақтөбе облысындағы Ойыл өзені маңында әлі күнге дейін адамдарды, жүктерді, техникаларды паром арқылы тасымалдап жатыр.

«Әскери-медициналық бригадалардың мамандары да су басқан аймақтарға аттанды. Олар жеке құрамның денсаулығын сақтаумен айналысты және тұрғындарға да медициналық көмек көрсетті. Оған жалпы 4 бригада, елуден астам әскери медицина мамандары тартылды», - деп толықтырды спикер.

Су тасқыны аяқталған соң, залал келген аумақтарды дезинфекциялау шаралары жүргізіледі. Қазірдің өзінде министрліктің радиациялық, химиялық-биологиялық қорғау бөлімшелері де Ақтөқбе, Атырау облыстарында дезинфекциялау шараларын бастап кетті.

Айта кетейік, су тасқынындағы ел бірлігіне арналған «Біз біргеміз» телемарафоны Jibek Joly арнасында жалғасып жатыр. 5 сағаттық тікелей эфирде тасқын басқан аумақты көзбен көрген, табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындардың жан тебірентер оқиғалары айтылып, табиғи апат аймақтарынан репортаждар беріледі. Бұған дейін су басқан аймақтарға бірінші болып көмекке аттанған ТЖМ құтқарушылары, сарбаздар мен тәртіп сақшылары сұхбат берген еді.

Соңғы жаңалықтар