Судан сарсаңы: Хартум «Африканың бас қақпасы» мәртебесінен айырылып барады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Судан Армиясы мен Шұғыл әрекет ету күштері арасындағы қарулы қақтығыс Африка құрлығында тұрақсыздықтың қосымша ошағына түрткі болып, кезекті гуманитарлық дағдарыс пен халықаралық өзара іс-қимыл күнтәртібіндегі жаңа өзгерістерге арандатып тұр. Қарулы қақтығыстың шиеленісе түсуіне түрткі болған себептер, қазіргі беталысы және жағдайдың дамуына қатысты үміт оты жайлы ҚазАқпарат материалынан оқыңыздар.

Судан сарсаңы: Хартум «Африканың бас қақпасы» мәртебесінен айырылып барады

Генералдар жанжалы

Судандағы қазіргі қарулы қақтығыс осы жылдың 15 сәуірінде генерал-лейтенант Абдель Фаттах әл-Бурхан қолбасшылық жасайтын Судан Қарулы күштері мен генерал-лейтенант Мохамед Хамдан Даголо басшылық жасайтын Шұғыл әрекет ету күштері арасындағы алауыздық ашық теке-тіреске ұласты.

Армия қолбасшысы Абдель Фаттах әл-Бурхан (сонымен қатар ол елдің басқарушы органы – Тәуелсіз кеңесін де басқарады) сәуірде Шұғыл әрекет ету күштерін бүлікшілер деп айыптап, оларды тарату туралы шешімін жария етті. Оның айтуынша, арнаулы жасақ Армия штабын және ел астанасы Хартум қаласының өмірлік маңызы бар аудандарын басып алу үшін шабуыл жасауға дайындалған. Осыдан кейін Шұғыл әрекет ету күштері штабын басып алуға әрекет жасалды.

Фото: ТАСС | EPA/STRINGER


Соңғы уақытқа дейін Тәуелсіз кеңес төрағасының орынбасары қызметін атқарған генерал Мохамед Хамдан Даголо өз атына айтылған айыптаулардың бәрін теріске шығарды.

Фото: Yasuyoshi Chiba/AFP via Getty Images


Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы әскери төңкерістен кейін Судандағы билік екі генералдың уысына түсті. Олар шамамен 30 жыл бойы елді билеген диктатор Омар әл-Баширді биліктен ығыстыру жолында одақтас болған еді. Алайда, түптеп келгенде билік әскерилерден азаматтық саясаткерлерге берілуі тиісті елдегі кезекті өтпелі кезең аясындағы соңғы айларда әскерилер арасында түбегейлі қайшылықтар туындады. Осы мақсатта 2022 жылы БҰҰ-ның Судандағы миссиясын, Африка одағын және Даму мәселелері жөніндегі үкіметаралық органды қамтитын үш жақты механизм іске қосылды. Ол реформаларға дайындықты қамтамасыз етуі керек болатын.

2022 жылдың желтоқсанында Абдель Фаттах әл-Бурхан, Мохамед Хамдан Дагало және «Бостандық пен өзгерістер күштері» демократияшыл коалициясының жетекшілері Судан әскерилері биліктен алыстап, Шұғыл әрекет ету күштері Қарулы күштердің құрамына кіруі керек деген келісімге келген еді. Бірақ Шұғыл әрекет ету күштерін тұрақты армия қатарына қосу мерзімдерін келісу мәселесі шешілмей қалды. Абдель Фаттах әл-Бурхан екі-үш жылдық кезеңді жақтаса, ал Мохамед Хамдан Даголо кем дегенде 10 жылдық мерзімде дербестігін сақтап қалуға тырысты. Сонымен қатар, Қарулы күштердің Бас қолбасшысының болашағына қатысты мәселе де дау тудырды. Армия Абдель Фаттах әл-Бурханды өздерінің жетекшісі санаса, Шұғыл әрекет ету күштері бұл лауазымда азаматтық тұлғаның болғанын қалады. Түптеп келгенде, дәл қазіргі жағдайда екі генерал да өз билігін сақтау үшін күресіп, оны әскери әдіспен жасауға тырысып бағуда.

Фото: AFP


Гуманитарлық дағдарыс проблемалары

БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Судан қақтығыс басталғаннан бері гуманитарлық дағдарысқа тап болды: 200 мыңға жуық адам елден тыс жерлерге, негізінен Мысырға, Чадқа және Оңтүстік Судан мен Орталық Африка Республикасына қашты. Кем дегенде 700 мың адам Суданның басқа аймақтарынан пана тапты. БҰҰ болжамынша, биыл Суданнан миллионнан астам адам босып кетеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, сәуір айынан бастап Суданда 850 адам қайтыс болды, тағы 5,5 мың адам зардап шекті. Хартумдағы балалар үйінде кем дегенде 71 бала соғыс басталғаннан бері гуманитарлық көмектің, оның ішінде медициналық препараттардың болмауына байланысты көз жұмды. Сондай-ақ, елде ұрлап әкету және жөнсіз тұтқындалу, БАҚ қызметкерлерін қудалау әрі жәбірлеу жағдайлары жиілеп кетті.

Қазіргі уақытта елде медициналық тауарлар, дәрі-дәрмектер таусылып жатыр. Көптеген ауруханалар жұмыс істемейді. Ауыз судың, азық-түлік пен отынның бөлшек сауда бағасы айтарлықтай өсті. Жағдай жаңбырлы маусымның басталуымен күрделене түсуде. Бұл кезде маусымда елдегі жолдарды су шайып, азаматтардың жүріс-тұрысы, сондай-ақ гуманитарлық жүк жеткізу қиынға соғады.

Судандағы гуманитарлық ахуал зорлық-зомбылық ушыққанға – соғыс іс-қимылдары басталғанға дейін де ауыр еді. 15,8 млн адам көмекке мұқтаж болды. Бұл елдегі жалпы халықтың шамамен үштен бірін құрайды. БҰҰ судандықтарға ішкі және сыртқы тараптан көмек ретінде 2,56 миллиард доллар сұрап отыр. Есептеулерге сәйкес, бұл қаражат жыл соңына дейін 18 миллион адамды қолдауға жеткілікті болуы тиіс.

Фото: ИА SM-News


«Судандықтарға гуманитарлық апат төніп тұр. Ауруханалар қираған. Гуманитарлық жүк қоймалары тоналған. Миллиондаған адам азық-түлік тапшылығы проблемасына душар болып отыр», - деп атап өтеді Судандағы ахуалға қатысты пікір білдірген БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш.

Ел тағдыры бұлыңғыр

Судандағы қазіргі жағдай тұрақсыз. Қарсылас күштер үшінші елдердің араағайындығымен қақтығысты тоқтату режимін орнатуға келіскенімен билікке деген талаптарынан бас тартпай отыр. Соның салдарынан сәуір айынан бастап қазіргі уақытқа дейін бірнеше рет жаңа қақтығыстар орын алды. Халықаралық араағайын бастама жасаған бейбіт келіссөздер атысты тоқтату режимінің бұзылуына байланысты үнемі бұзылады. Дегенмен, 11 мамырда Джиддада Сауд Арабиясы мен АҚШ-тың делдалдығымен соғысушы тараптар бейбіт тұрғындарды қорғау және гуманитарлық көмектің қауіпсіз жеткізілуін қамтамасыз ету туралы міндеттеме декларациясына қол қойды.

Маусым айының басында АҚШ Суданның қарулы күштерімен де, Шұғыл әрекет ету күштерімен де байланысты елдегі ұйымдар мен компанияларға жаңа санкциялар енгізді. Алайда, бұл соғысты тоқтатуға оң әсерін тигізе алмады. Хартумда, сонымен қатар елдің коммерциялық орталығы Омдурманда артиллериялық күштердің көмегімен дүркін-дүркін шайқастар орын алуда. Бірақ, өткен сенбі қақтығыс басталғаннан бергі ең тыныш күн болды. Дегенмен жексенбі, 12 маусымда соғыс іс-қимылдары тың қарқынмен қайта басталды. Қақтығыстар Омдурманның солтүстігінде, Чад шекарасына таяу Эль-Генейнде және Хартумның оңтүстік-батысындағы Солтүстік Кордофан штатының астанасы Эль-Обейдте болды.

Фото ВПП/Г.Вивакуа


9 маусымда Суданның Сыртқы істер министрлігі БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі Фолькер Пертесті Дагалоны қолдады және жанжалдың өршуіне ықпал етті деп айыптап, «персона нон грата» деп жариялады.

Ежелгі ерегестің кесірінен қақтығыс күшейе түсуде

Судандағы жағдай мұсылмандар мен пұтқа табынушылар, араб және Африка халқы арасында көп жағдайда діни және этникалық араздықтан туындаған тайпалар арасындағы ішкі қақтығыстардың әлі де жалғасы салдарынан күрделене түсуде.

Айталық, басталған қақтығыс аясында елдің батысындағы Дарфур аймағында соғыс іс-қимылдары қайта жанданды. Бұл аймақта 2003 жылы араб жасақтары мен араб емес топтар, оның ішінде араб көшпелі ризейгат тайпасының мүшелері мен араб емес тайпалық масалит фермерлері арасында қақтығыс алғаш рет орын алды. Олардың арасындағы күрес су ресурстары мен жер учаскелерінің азаюына байланысты болып жатыр.

Фото: REUTERS

Қазіргі уақытта ең ауыр шайқас жүріп жатқан Батыс, Оңтүстік және Солтүстік Дарфурда ерекше алаңдатарлық жағдай қалыптасуда. Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, бұл аймақтағы зорлық-зомбылықтың күшеюі армия бөлімшелері мен жергілікті полицияның елді мекендерден кетуіне байланысты болып тұр.

Мұхаммед Хамдан Дагало арнайы жасақтың Батыс Дарфурдағы соғыс іс-қимылдарына қатысуын бірнеше рет жоққа шығарып, оның жауапкершілігін Армияға аударған болатын. Дегенмен, жергілікті тұрғындардың айтуынша, Шұғыл әрекет ету күштері қызметкерлері араб жасақтары тарапынан болған шайқастарда жиі байқалған. Сонымен қатар араб жасақтары қатарында тұрақты Армия әскерилері де жиі болмаса да көзге түскен.

Дарфур тұрғындары үйлерін жаппай тастап, контрабандашылардың көмегіне жүгінуде. Бірақ, шетел асуға тырысқан судандықтардың жолын үлкен қатер де күтіп тұр. Автожолдардың басым бөлігін жергілікті бандалар басып алып, өз беттерінде блокпосттар қойып тастаған. Дәл осы посттардан өткен азаматтар тоналып, зорлық-зомбылыққа да ұшырап жатыр.

Судандағы ахуал теріс сценариймен өршіп барады. Қол жеткізілген бітім сақталмай отыр. Халық бақылаусыз елден кетіп, гуманитарлық дағдарыс тереңдей түсуде. Ел экономикасы толығымен күйреген, аймақтарда билік өкілдігі жоқ. Мұндай процестердің ұзаққа созылуы азаматтық соғысқа түрткі болуы мүмкін. Қазірдің өзінде оның белгілері Суданда анық байқалып келеді.

Фото: AP Photo/ Marwan Ali.


Халықаралық қоғамдастықтың күш-жігері әзірге нақты нәтиже берер емес. Бірақ, мұндай араағайындық тараптардың келіссөз үстеліне оралуының жалғыз үміті болып қала бермек. Әйтпесе, көптеген серіктес «Африканың басты қақпасы» деп санайтын Судан нақты болашағы, жаһандық өзара әрекеттестікте белсенді рөлі жоқ және өзінің географиялық әлеуетін жүзеге асыра алмайтын елге айналады.

Фото: © УВКБ ООН/А. Нгаргун