Суданда әуе шабуылынан 17 бейбіт тұрғын қаза тапты
ХАРТУМ. АНАДОЛЫ. ҚазАқпарат - Судан астанасы Хартумға әуеден соққы жасалып, салдарынан 17 бейбіт тұрғын қаза тапты, оның бесеуі – бала. Бұл туралы «Оңтүстік белдеуінің жедел жәрдем орталығы» ұйымының белсенділері мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға сенбі күні кешке болған. Салдарынан 11 адам жарақат алды.
Шабуылдың артында кім тұрғаны белгісіз. Жедел әрекет ету күштері жауынгерлері Хартум аудандарына шабуыл жасаған ұшақты атып түсіргенін хабарлады.
Осы оқиғаға байланысты Судан армиясы ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Үкімет армиясы мен Жедел әрекет ету күштері сенбіде 72 сағатқа атысты тоқтату туралы келісімге қол қойған болатын.
Келісім жексенбі күні жергілікті уақытпен таңғы сағат 6-да күшіне енді.