Суданда күш құрылымдары арасында қарулы қақтығыс басталды

None
ХАРТУМ. ҚазАқпарат – Судан астанасы – Хартумда қару дауысы мен жарылыстар естіліп жатыр. Мұнда бірнеше күннен бері армия мен Әскерилендірілген шұғыл әрекет ету күштері арасында тартыс жүріп жатыр. Қалада сондай-ақ ұшақтар ұшып жүр, олар армияға тиесілі болуы мүмкіндігі жазылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

Армия – генерал Абдель Фаттах аль-Бурхан басшылық ететін әскери үкіметке (Егеменді кеңес), ал Шұғыл әрекет ету күштері – вице-президент, генерал Мохамед Хамдан Дагалоға бағынады.

Ұсынылып отырған азаматтық басқаруға көшу шеңберінде Шұғыл әрекет ету күштері қарулы күштер құрамына біріктірілуі керек. Бірақ генералдар мұның қай уақытта іске асырылуы тиістігіне қатысты мәселеде бір мәмілеге келе алмай отыр. Бұл дау-дамай қарулы күреске ұласты.

Reuters-тің жазуынша, атыс Хартум қаласындағы армия штабы маңында естіліп жатыр. Шұғыл әрекет ету күштері астаналық әуежайды және президент сарайын өз бақылауына алғанын мәлімдеді. Алайда, қазіргі уақытта бұған дәлел болатын қандай да бір мәлімет жоқ.

Өз кезегінде армияның айтуынша, Шұғыл әрекет ету күштері олардың штабын басып алуға әрекет етіп жатыр.

Әскерилер Суданда билікті 2021 жылы басып алды, содан бері оны өз уысында ұстап отыр. Олар билікті азаматтық үкіметке бермек, бірақ мұндағы кедергі Шұғыл әрекет ету күштерінің қарулы күштермен біріктірілу мерзімі болып отыр. Шұғыл әрекет ету күштері мұны 10 жылға кейінге шегеру керектігін алға тартса, армия 2 жыл мерзімге ғана келісіп отыр.


Соңғы жаңалықтар