Суданда соңғы екі айда 50 мыңнан астам адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды

АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) Суданның оңтүстігіндегі Кордофан өңірінде қауіпсіздік жағдайының ушығуына байланысты соңғы екі айда 50 мыңнан астам адамның өз үйін тастап кетуге мәжбүр болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Anadolu хабарлады.

Судан
Фото: Anadolu Ajansı

Басылымның жазуынша, соңғы күндері Солтүстік, Батыс және Оңтүстік Кордофан провинциялары орналасқан аймақта Судан армиясы мен Жедел әрекет ету күштері (ЖӘК) арасында қиян-кескі қақтығыстар жүріп жатыр.

— Қауіпсіздік деңгейінің төмендеуіне байланысты 25 қазан мен 17 желтоқсан аралығында Кордофан өңірінің әртүрлі елді мекендерінен 50 445 адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды, — делінген ХКҰ мәлімдемесінде.

Орындардағы көші-қонды бақылау топтарының хабарлауынша, қақтығыстар күшейген 25 қазаннан бері жалпы саны 39 оқиға жаппай халықтың көшіп-қонуына себеп болған.

Еске сала кетсек, Суданның Кордофан өңірінде дронның шабуылынан 104 бейбіт тұрғын қаза тапты.

Бұған дейін БҰҰ Судан халқының үштен екі бөлігі гуманитарлық көмекке зәру екенін мәлімдеген. Жалпы, елдегі азаматтық соғыс салдарынан келген адам шығынының нақты дерегі жоқ. Алайда БҰҰ мәліметіне сәйкес, Оңтүстік Суданда шамамен 9,3 млн адам гуманитарлық көмекке мұқтаж.

Соңғы жаңалықтар