Суды үнемсіз қолданған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерге тариф өседі

Нуржан Нуржигитов
Фото: gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Суды нормадан 20% немесе 50% артық тұтынуға жол берген ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін жоғары тариф енгізу жоспарлануда. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлім етті.

«Біздің министрлік ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші суармалы суын нормативтен тыс тұтынғаны үшін жоғары тарифті енгізу бөлігінде бұйрықтың жобасын әзірлеп, Ұлттық экономика министрлігіне бекіту үшін жолдады», - деді Нұржан Нұржігітов Мәжілісте өтіп жатқан «Республикадағы сарқынды суларды қайта пайдаланудың проблемалары мен перспективалары» атты дөңгелек үстелде жасаған баяндамасында. 

Министрдің мәлімдеуінше, суды нормадан 20% немесе 50% артық тұтынуға жол берген ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін жоғары тариф енгізу көзделеді. 

«Тарифті көтеруден түскен қосымша табысты су арналарын жаңғырту мен реконструкциялауға бағыттау жоспарланған. Бүгінгі таңда Ұлттық экономика министрлігі бұйрығының жобасы аккредиттелген ұйымдарға сараптама жүргізуге жіберілді», - дейді ол. 

Айта кетейік, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің ұйымдастыруымен «Республикадағы сарқынды суларды қайта пайдаланудың проблемалары мен перспективалары» атты дөңгелек үстел өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар