Суды пайдалануға жаңа тариф енгізілуі мүмкін
АСТАНА. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Табиғи монополиялар мен реттелетін нарық туралы» заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш құжат Елбасының Үкіметке суға теңдестірілген тарифтер енгізу жөнінде берген тапсырмасына сай әзірленіп отыр. Сондай-ақ аталмыш құжат Мемлекет басшысының «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жолдауында энергия үнемдеу, коммуналдық желілерді қайта жаңартуға қатысты көрсетілген мәселелерге байланысты қолға алынып отыр. Бұл заң талаптары бойынша судың бағасы жаңа теңдестірілген тариф негізінде реттелетін болады. Ал тұтынушылар өздері пайдаланған судың құнын қажетті мөлшерде әрі уақытында төлеп отырулары қажет. Заң талаптары орындалған жағдайда артық ақша су жүйелерін жөндеу мен олардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға жұмсалмақ. Құжат күшіне енсе, тұтынушылар да суды үнемдеп пайдаланады. Ал жеке хауызы немесе көлік жууға арналған орны бар, яғни суды коммерциялық мақсаттарға пайдаланатын тұтынушылар энергияны көбірек пайдаланатын болғандықтан ақшаны да көбірек төлейді.