Суды тиімсіз пайдалану және экологиялық зардаптарды елемеу проблемаларымен бетпе-бет келдік - Президент

None
Су саясатын қалыптастыру кезінде оның шектеулі табиғи ресурс екені ескерілуі тиіс. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесі отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.
«Біз суды тиімсіз пайдалану және экологиялық зардаптарды елемеу проблемаларымен бетпе-бет келіп отырмыз. Біздің өңірдегі Сырдария мен Амудария секілді екі негізгі өзен сулары арнасының реттелу дәрежесі тым жоғары. Бұл өзендердің бассейндерінде жалпы көлемі шамамен 65 текше километрге жететін 80-нен астам су қоймасы салынған. Осылайша, антропогендік жүктеме артып, табиғатты экстенсивті пайдалану жалғасады және әртүрлі әлеуметтік-экологиялық проблемалар ушығады деген болжам бар. Мұның бәрі аймақтық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді.Қазақ халқында «Су – ырыстың көзі» деген мақал бар. Мемлекеттеріміз су саясатын қалыптастыру кезінде судың шектеулі табиғи ресурс екенін ескеруге тиіс деп санаймын. Себебі, бүкіл аймақтың әл-ауқаты мен тұрақты дамуы суға тікелей байланысты», - деді Президент.

Сондай-ақ, суды үнемдеу мәселесінде цифрлық технологияларды енгізудің өзектілігіне тоқталды.

«Цифрлық технологияларды енгізу арқылы суды барынша үнемдеу мәселесі өте өзекті. Бұл біздің су ресурстары жөніндегі ынтымақтастығымыздың негізгі бағыты бола алады. Жуырдағы Жолдауымда мен су мәселесіне ерекше назар аудардым. Менің тапсырмам бойынша Қазақстанда осы саланың өзекті мәселелерімен тікелей айналысатын жеке ведомство – Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Барлық көршілес мемлекеттермен конструктивті қарым-қатынас жасаймыз деп сенемін», - деді Қ. Тоқаев.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Республикасында жұмыс сапарымен жүр.

Соңғы жаңалықтар