Суды үнемдеу мақсатында 2014 жылдың аяғына дейін халықтың тұтыну көлеміне байланысты сараланған тарифтер енгізіледі

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов мәлім етті.
Оның атап өтуінше, агенттік ағымдағы жылдың соңына дейін тұтынушылар топтары бойынша сараланған тарифтерді енгізуді аяқтауды, ал 2013 жылы нормативтен тыс шығындарды толық жоюды қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта еліміздің Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарындағы 5 су арнасының инвестициялық тарифтер бойынша жұмыс істеп жатқандығын атап өткен агенттік басшысы, «2020 жылдың соңына дейін республиканың барлық су арналарын инвестициялық тарифтерге ауыстыру және нормативтік шығындарды 15 пайызға дейін оңтайландыру жүргізу жорамалдануда», деді.
Тұтынушылар топтары бойынша сараланған тарифтер қазіргі уақытта республиканың 12 өңірінде енгізіліп, өз жемісін беруде.
Н.Алдабергеновтің келтірген мәліметтеріне сәйкес, осы аралықта су тұтыну көлемі 6-дан 10 пайызға дейін аралықта үнемдеуге қол жеткізілген. «Бұл орайда су арналарының кірісі 12,5 миллиард теңгеге ұлғайды, бұл қаржы инвестициялық бағдарламаларда қарастырылған іс-шараларды жүзеге асыруға қарастырылып отыр», деді ол.
Агенттік төрағасының атап өтуінше, 2009 жылдың қорытындысына сәйкес нормативтік шығындар -1,1 миллиард, ал нормадан тыс шығындар 210 миллион теңгеге төмендеген.