Суэц каналында алып кеменің қайраңдап қалуы тауар жеткізу дағдарысын тудыра бастады

ЕГИПЕТ. ҚазАқпарат – Ever Green атты үлкен контейнер тасымалдаушы кеме Суэц каналында қайраңға тұрып қалған болатын. Соның салдарынан болған кептеліс тауарларды жеткізу тізбегіндегі дағдарыстың шиеленісу қаупін төндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Washington Times-қа сілтеме жасап.

Суэц каналында алып кеменің қайраңдап қалуы тауар жеткізу дағдарысын тудыра бастады

Бұл жағдай тауарларды жеткізу тізбегіндегі дағдарысты одан әрі ушықтыруы мүмкін. Мұнай мен Шығыс Африканың кофе бұршақтарының бағасы жұма күні жеткізілімнің тоқтауына байланысты қымбаттады деп хабарланды.

Егер Суэц каналының тосқауылы тез жойылмаса, әлемдік экономика зардап шегуі мүмкін, өйткені мұнай-химия өнімдерін, киім-кешекті, өнеркәсіптік және басқа тауарларды жеткізу мерзімдері бұзылады.

Allianz инвестициялық компаниясының мәліметтері бойынша, әлемдегі жүк тасымалының шамамен 13 пайызы жыл сайын Суэц каналы арқылы өтеді.

Германияның Hapag Lloyd компаниясы хабарлағандай, компанияның алты ірі жүк кемесі канал арқылы тасымалдың жандануын күтіп тұр, ал компанияның тағы алты кемесінің бағыты өзгертіліп, Африканың оңтүстік шетінен өтеді. HMM Rotterdam - бағытын өзгерткен кемелердің бірі, Африка континенті арқылы ұзақ және қымбат жолға бет алды.

Копенгагендегі SeaIntelligence Consulting компаниясының атқарушы директоры Ларс Дженсен өзінің хабарламасында компаниялар Суэц каналындағы жағдайды тез арада шешуге пессимистік көзқараспен қарайды деп мәлімдеді.

Бұл жағдай жүк тасымалдаушылардың қызметтері бағасының өсуіне соқтыруы ықтимал, бұл инфляцияға әкелуі мүмкін. Бірнеше аптадан кейін тасымалдаушылар бөлшек сауда кәсіпорындарымен және өндірушімен тасымалдау тарифтерінің өсуіне қатысты келіссөздерді бастайды делінген.

Ұзындығы 193 шақырымды (120 миль) құрайтын Суэц каналы әлемдегі жүктемесі ең көп су жолдарының бірі.