Суға батқан адамды құтқарған алматылық студент марапатталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматылық студент «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Суға батқан адамды құтқарған алматылық студент марапатталды

ҚР Конституциясы күні қарсаңында қалалық Төтенше жағдайлар департаментінде марапаттау рәсімі өтті. Ішкі істер министрлігінің «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен Алматы полиграфия колледжінің студенті Марғұлан Дүйсеш пен Алматы қалалық Құтқару қызметінің құтқарушысы Қозы Бүркітбайхан марапатталды.

Бейбіт күнің батырларына медальді Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Серік Әубәкіров табыс етті.

Естеріңізге сала кетейік, жаздың басында Сайран су қоймасында 43 жастағы ауған азаматы батып кете жаздады. Шетелдік қонақты жағажайда демалып жатқан 18 жастағы Марғұлан Дүйсеш құтқарып қалды. Суға батып бара жатқан адамды көрген Марғұлан тез арада оны жағаға шығарды. Осы кезде су қоймасының жағасында кезекшілік еткен 109 Құтқару қызметінің қызметкері Қозы Бүркітбайхан да көмекке келіп үлгерді.

Сонымен қатар, айтулы мереке қарсаңында Төтенше жағдайлар департаментінің бірқатар қызметкері ведомстволық наградамен марапатталды.

«Төтенше жағдайлар департаментінің ұжымы үшін мерейтойлық салтанатты шаралардың арасында ҚР Конституция күнін мерекелеу ерекше орын алады. Конституция адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғайтыны сияқты, қаламыздың төтенше жағдайлар қызметі азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз етуге шақырылады. 7 айда Алматы гарнизонының құтқарушылары 160-тан астам адамды құтқарып, эвакуациялады»- деді Алматы қаласы ТЖД бастығы Серік Әубәкіров.