Суға батқан автобустың жүргізушісі жұмысына қайта кірісті - Астана

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана LRT» нөсер жауын кезінде автобусына су кіріп кеткен жүргізушінің қайта жұмысқа алынғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Суға батқан автобустың жүргізушісі жұмысына қайта кірісті - Астана

«Жүргізушіге қосымша нұсқаулық беріліп, алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермеу керектігі ескертілді және ол жұмысына қайта оралды», - деді аталған ұйымның баспасөз хатшысы Науат Азанбаева.

Сонымен қатар, оның айтуынша, жүргізушімен әңгімелесу барысында мұндай жағдайда диспетчермен ақылдасып отыру қажеттігі ескертілген. 

«Осы оқиғаға дейін аталған жүргізушіге қатысты шағым болған емес. Сондықтан оған келесі жолы мұндай жағдай орын алса диспетчермен хабарласу және біз ұсынған бағдармен ғана жүруге нұсқаулық берілді», - деді ол. 

Бұған дейін Астанада салонына су кіріп кеткен автобустың жүргізушісі жұмыстан шеттетілгенін хабарлаған болатынбыз.

Кейіннен «Astana LRT» компаниясы аталған жүргізушіні жұмыстан шеттету себебін де түсіндірген еді.