Суға батқан баланы құтқарып қалған Мемлекеттік күзет қызметі мамандары марапатталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биылғы 18 ақпанда Алматыда суға кеткен баланың өмірін құтқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Мемлекеттік күзет қызметінің маманы лейтенант Серік Абиров «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды.

ТЖМ
Фото: ТЖМ

Ал подполковник Талғат Қасенов, сондай-ақ майор Серік Ілияс «Қазақстан Республикасы ТЖМ Алғыс хатын» еншіледі.

«Азаматтық қорғау органдарының атынан баланы құтқарып, жедел іс-қимыл жасағандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Сіздердің білікті іс-әрекеттеріңіз бен азаматтық ұстанымдарыңыздың арқасында жазатайым оқиғанның болуына жол берілмеді», - деп атап өтті Алматы қаласы ТЖ департаментінің бастығы полковник Нұрлан Атығаев.

Баланың әкесі ТЖД-ға арнайы келіп, жауынгерлерге уақытылы көрсеткен көмегі үшін жылы лебізін білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, сол күні сағат 17:00 шамасында адамдар қоғамдық бассейнге шамамен 5-6 жастағы баланың батып кеткендігін хабарлап, көмек сұрайды. Жғарыдағы азаматтар дереу алғашқы көмек көрсете бастады. Құтқарылған жеткіншек ес-түссіз жатқан еді. Лейтенант Серік Абиров ең алдымен каротид артериясындағы пульсті тексеріп, оның жоқтығын анықтады, яғни бала тыныс алмаған. Артынша ол жүрек-өкпе реанимациясына кірісті. Талғат Қасенов пен Ілияс Серік кеуде қуысын қысуды жүргізді.

Реанимацияның бірнеше әрекетінен кейін бала жөтеліп, тыныс алды.

Осылайша қызметкерлердің тез және сенімді әрекеттерінің арқасында жасөспірім құтқарылды.