Суға батқан баланың өмірін сақтап қалған әйел полиция қызметкері болып шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқиға елордалық қоғамдық бассейндердің бірінде болды. Бала өмірін құтқару сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Видеодан суда ес-түссіз жатқан баланы құтқарушы қыздың шығарып жатқанын байқауға болады. Кейін оны ер адам жерге көтеріп жатқызады. Сол сәтте көмекке демалушы әйелдердің бірі келеді. Ол шебер қимылдармен жүрек-өкпе реанимациясын жасап, баланың тынысын қайтарды.

Жедел жәрдем қызметі келгеннен кейін бассейн қызметкерлері баланы дәрігерлерге тапсырды. Қазір оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Ата-анасы баланы құтқаруға қатысқандардың барлығына алғыстарын білдірді.
Белгілі болғандай, алғашқы медициналық көмек көрсеткен әйелдің есімі - Назым Шәріпова. Ол «Есіл» ауданының полиция басқармасында анықтаушы болып жұмыс істейді. Сол күні полицей әйел отбасымен бірге демалыста болған. Ол құтқару кезінде балаға зақым келтірмеу үшін ерекше сақтықпен қимылдаған.