Суға батқан қызды құтқарған полицей Президент қолынан орден алды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда суға батқан қызды құтқарып қалған Рүстембек Сүндетовті 2-дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әскерді басқарудағы еңбегі мен жауынгерлік жаттығудағы жоғары көрсеткіші үшін 1-дәрежелі «Даңқ» орденімен ҚР Қарулы күштерінің Бас штабы бастығының орынбасары Әділбек Алдабергенов, 2-дережелі «Даңқ» орденімен Конституциялық құрылысты қорғаудағы қызметі үшін Алматы облыс бойынша ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы Сәбит Құрманәлиев марапатталады», - деді Президент салтанатты шара барысында.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен және көлегейлі экономикамен күрестегі жетістістіктері үшін Ақмола облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Қуаныш Бекбасовқа 2-дәрежелі «Айбын» орденін табыс етті. Мемлекеттік шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мінсіз қызметі үшін дәл осындай орденмен Мемлекеттік күзет қызметінің инспекторы Виктор Балясников марапатталды.
«2-дәрежелі «Айбын» орденіне Атырау қаласының жол-патрульдік полициясының инспекторы Рүстембек Сүндетов лайықты деп танылды. Суға батып бара жатқан қыз баланы құтқарып қалған азаматтың батылдығы шынайы ерліктің үлгісі. «Құрмет» орденімен ҚР Бас прокуратурасы Үкімдердің заңдылығын қадалағау қызметі бастығының орынбасары Радимхан Дубаева марапатталады. Оның басшылығымен түрме тұрғындарын қысқартудың 10 шарасы атты әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылды, - деді Мемлекет басшысы.», - деді Мемлекет басшысы.
Қ.Тоқаев жанқиярлық ерік жасап, кәмелетке толмаған баланы және қарияны өрттен аман алып шыққан Ұлттық гвардияның сарбазы Медет Балабиевті «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.