17:54, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Суға батып бара жатқан адамды құтқарған әскери қызметкерге медаль тапсырылды
АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Суға батып бара жатқан адамды ажалдан құтқарған әскери қызметкер Ішкі істер министрінің бұйрығы бойынша медальмен марапатталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ішкі әскер қолбасшысы Руслан Жақсылықовтың айтуынша, Өскемен қаласының 5518 әскери бөлімшесінің әскери қызметкері Мәди Боранбаев қаңтардың 11-і күні қызмет бабы кезінде Үлбі көпірінен суға құлап, мұз астына кетіп бара жатқан кісіні ажалдан құтқарып алған. «Бұл жігіт батылдықпен мұздай суға күмп беріп, ажал аузындағы адамды жағаға алып шыққан. Оның өкпесіне толған суды шығарып, жедел жәрдем шақырды», дейді ол.«ҚР ІІМ басшысы Мәди Боранбаевқа «Қоғамдық тәртіпті сақтаудағы жетістіктері үшін» медалін беру туралы бұйрық шығарды. Мәдидің ата-анасына өз қолыммен жазылған алғыс хатты жөнелттім. Туыстары қандай азамат тәрбиелегендерін білсін», деді медаль тапсыру салтанатында Ішкі әскер қолбасшы Р.Жақсылықов.