Суға батып кете жаздаған балықшы ағашқа өрмелеп, аман қалды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Ертіс өзенінің Быструшка ағысында балық аулап отырған Ақсу қаласына қарасты Еңбек ауылының тұрғыны зардап шекті.

Суға батып кете жаздаған балықшы ағашқа өрмелеп, аман қалды

5 мамыр күні сағат 21.40-та Павлодар қаласының «112» нөміріне оқыс жағдай орын алғаны туралы хабарлама түскен, деп хабарлайды pavlodarnews.kz облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

«Кешке балық аулаған азамат су деңгейінің көтерілгенін байқамай қалған. Қайығы болмағандықтан, ағашқа өрмелеп шығуына тура келген. Шұғыл түрде оқиға орнына Ақсу қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің жауапты қызметкері мен №7 бөлімнің құтқарушысы қайықпен сол жерге шықты. Алайда құтқарушылар жеткенге дейін сол маңайда балық аулауға шыққан жергілікті тұрғындар ер адамды ағаштан түсіріп, қайығымен қауіпсіз жерге жеткізген», - делінген хабарламада.

Құтқарушылар қазіргі таңда Шүлбі ГЭС-інен табиғатты қорғау мақсатында су жіберудің нәтижесінде Ертіс өзені жағадан шығып, жайылым жерлерді су басатынын еске салады. Сондықтан әуесқой балықшыларға және су айдындары маңында демалуды ұнататын азаматтарға кешке қарай бөгелмеуді және судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды.