Суға қатысты сараланған тариф енгізу мерзімі өзгеруі мүмкін - Сенат

А. Желтоқсанның 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында  палата депутаттары «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» заң жобасын талқылап, құжатқа түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасы табиғи монополиялар субъектілері мен реттелетін нарықтарға қатысты тариф (баға) саясатын жетілдіру мақсатын көздейді. Сонымен бірге, құжат энергия жинақтауды және тұтынушылардың энергоресурстарды тиімді пайдалануын ынталандыруға, желілерді жаңғырту мен жаңартуға қосымша инвестиция тартуға және аймақтық электр желілері компаниялары қаржысын босатуға, сондай-ақ тауар нарықтарында бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік береді.

«Еліміздегі табиғи монополия саласындағы өзекті мәселелердің бірі технологияның тозуы, өндірістің артта қалы болып табылады. Дәл осының салдарынан тиімділік азайып, өндірістік қорларды жаңартуға ресурстар жеткіліксіз болып отыр. Осы мәселелерді шешу жолдары заң жобасының тұжырымдамасында қарастырылған. Біріншіден, суды үнемдеуді ынталандыруға бағытталған тұтыну көлеміне қарай сараланған тарифтерді енгізу көзделеді. Бұл норма суды ұтымды пайдалануға, тұтынушылардың қаражаттарын, энергияны және ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал коммерциялық мақсатта суды шамадан тыс пайдаланатын тұтынушылар үнемдеу технологияларын енгізуге немесе шекті бағадан артық соманы төлеуге мәжбүр болады. Екіншіден, өңірлік электр желілері компаниялары үшін салыстырмалы талдау әдісін қолдана отырып, тарифтерді бекіту ұсынылады. Бұл әдістің мәні - компаниялар арасындағы бәсекелестікті тудыра отырып, олардың қызметінің тиімділігін арттыру, желілерді жаңғыртуға қосымша инвестиция тарту болып отыр. Қазір қазақстанда осындай 24 компания бар. Оларда осы уақытқа дейін нормативтік әдіс қолданылып келген», деді заң жобасы бойынша баяндаған сенатор Нұрлығайым Жолдасбаева.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына сенаторлар бірқатар түзетулер жасады. Оның бірі заң жобасын қолданысқа енгізу мерзіміне қатысты болып отыр. Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс нұсқасында заң жобасының  (суға қатысты сараланған тарифті енгізу) күшіне енуі 2010 жылғы қаңтардың 1-інен деп қарастырылған болатын. Сенаттың Бас комитеті бұны заң жобасының алғашқы ресми жарияланымнан кейінгі 10 күннен кейін енгізу қажеттігі туралы түзету енгізіп отыр.

Құжат Мәжіліске қайтарылды.

Соңғы жаңалықтар