«Суға қатысты шу» - баспасөзге шолу

***
Биыл Қазақстанның Әскери-теңіз күштерінің құрылғанына - 20 жыл. Әскери-теңіз флоты мемлекет Қарулы Күштерінің құрамдас бөлігі саналатындықтан, оның негізгі қызметі теңіздегі (мұхиттағы) ұрыстар кезінде дұшпанның Әскери-теңіз күштерін талқандауға, оның жағалаудағы өнеркәсіптік-экономикалық аудандары мен маңызды әскери нысандарын жоюға немесе құрлықтағы өз нысандарын теңізден (мұхиттан) жасалған шабуылдардан қорғауға бағытталған. Отанымызда алғаш рет өткізілгелі отырған жауынгерлік парад қарсаңында «Егемен Қазақстан» газеті бұл жауапкершілігі мол шараға Әскери-теңіз флотының үлес қосатынын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы, контр-адмирал Жандарбек Жанұзақовпен жариялады. Әңгіме барысында өзгеше жауапкершілік міндетін арқалаған Әскери-теңіз күштерінің бүгінгі әлеуеті жайында сөз қозғалған сұхбат «Әскери-теңіз күштерінің әлеуеті артып келеді» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымның жазуынша, «Отар» 40-шы әскери базасында елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отырған жауынгерлік парадтың бас жаттығулары болып өтті. Бұл 7 мамырда кең көлемде мерекеленетін Отан қорғаушы күніне арналған алғашқы жауынгерлік парадқа дайындықтың соңғы қорытынды кезеңі болып табылады. 2013 жылғы 7 мамырда «Отар» 40-шы әскери базасының полигонынан Отан қорғаушы күніне арналған жауынгерлік парад тікелей трансляцияланатын болады. Полигонда Құрлық әскерлерінің барлық қару-жарақ түрлерінен жауынгерлік атыстар жүзеге асырылады. Қазақстан Әскери-әуе күштерінің ұшақтары мен тікұшақтарынан зымырандар нақты түрде жіберіліп, бомбалау тәжірибе жүзінде қолданылады. Каспий теңізі акваториясындағы Қазақстан Әскери-теңіз күштері кемелерінің жауынгерлік атысы онлайн-режімінде таратылады.
***
«Қазақстанда 2002-2010 жылдары «Ауызсу» салалық бағдарламасы бойынша пайдалануға берілген су нысандарының 9 пайызға жуығы жұмыс істемейді. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов хабарлады»,- деп жазады «Айқын» газеті «Суға қатысты шу» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның нақты деректеріне сәйкес, бұл 200-ге жуық нысан болып отыр, соның ішінде 42-сі пайдалануға берілген. Жақып Асановтың айтуынша, республикалық және облыстық деңгейлердегі мемлекеттік органдардың бірде-біреуінде сумен қамту нысандары бойынша жеткілікті ақпарат жоқ. Ал жұмыс істемейтін нысандардың толық тізімі түрлі мемлекеттік органдармен бірнеше рет салыстырғаннан кейін ғана жасалған. 2012 жылы мердігерлік ұйымдардың басшылығына және айыпты лауазымды тұлғаларға қатысты 17 қылмыстық іс, соның ішінде прокуратура органдарымен ықпал етуімен 10 қылмыстық іс қозғалған.
Ақтөбе облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ғимаратына шабуыл жасаған Батыс Қазақстан облысының екі тұрғынына №2 Ақтөбе қалалық соты үкім шығарды. Бұл жайында «Айқын» газетінің сенбілік санындағы «Сот үкім шығарды» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның жазуынша, Ақтөбе облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшыларына қастандық жасауды жоспарлаған деген айыппен батысқазақстандық Айбек Таңатаров пен Елтай Елеуов өткен жылдың аяғында қамауға алынған болатын. Сәуір айында басталған сот үдерісі аяқталып, №2 Ақтөбе қалалық сотының судьясы Дәуренбек Дауымов айыпталушыларға шығарылған үкімді оқыды. Айыпталушы Айбек Таңатаров Қылмыстық кодекстің 58 бабының 3 бөлігінде қарастырылған жазаға сәйкес 5 жылға кесілді, ал оның жанында болған Елтай Елеуов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
***
«Казахстанская правда» газетінің сенбілік санында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтарды Пасха мерекесімен құттықтауы жарияланды. Онда: «Қымбатты отандастар! Барша православие христиандарын жарқын да мерейлі Пасха мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Біздің көпконфессиялы елімізде қазақстандықтар діни сенімдері мен этностық ерекшеліктеріне қарамастан, маңызды діни мейрамдар қуанышын өзара бөліседі, сол арқылы халықтың рухын одан әрі асқақтата түседі. Бұл мейрамдар адамгершілік, тәрбие, қайырымдылық мәдениетін дамыту, гуманизм мұраттарын орнықтыру, әлеуметтік тұрақтылықты бекемдеу арқылы жаңа мазмұнға ие болуда. Діни төзімділік, тату көршілік, жақын-жуыққа қамқорлық қазіргі заманғы Қазақстан қоғамының ізгі бағыттарынан берік орын алып отыр. Православие діни қауымы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға өзінің қомақты үлесін қосып келеді», - делінген.