Суға шомылушылардың қауіпсіздігі үшін 170 акула ауланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Австралия билігі биылғы 25 қаңтар мен 30 сәуір аралығында акуланы аулау бойынша операция жүргізіп, оның нәтижесінде 170-ін ұстап, 50 акуланың көзін жойды, деп хабарлады SkyNews телеарнасы.
Австралияның балық шаруашылығы министрі Кен Бастон бұл операция сәтті өтті деп бағалап отыр. «Ауланған акулалардың қайсыбірінің адамдарға залал келтіргенін анықтай алмасақ та, үкімет әрқашан адам өмірін ең басты құндылық деп бағалайтын болады»,- дейді министр. Айта кетейік, Австралия үкіметі акула аулау бағдарламасын тағы үш жылға ұзартуға рұқсат алуға ниетті. Өз кезегінде оппозиция өкілдері осы тектес операциялар бос сөз екенін алға тартуда. Қазіргі кезде бұл бағдарламаға 22 миллион долларға жуық қаржы жұмсалып отыр. Оның аясында аталған жыртқыштарға автоматты түрде хабар беретін арнайы датчиктерді тағу шаралары қамтылған.