Суға түсіп кеткен ұялы телефонын алу үшін көлді құрғатпақ болған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Кельн қаласының жасөспірім тұрғыны көлге түсіп кеткен смартфонын алу үшін оның бар суын сорып алмақ болған. Ол телефонын көлде достарымен балық аулап жүрген кезде түсіріп алған екен.
Суды ол көлге жақын маңдағы қоғамдық дәретханаға сорғы мен екі шлангыны пайдаланып ағызған, деп жазады Lenta.ru.
Біраз уақыттан соң қоғамдық дәретхана маңына су жайылып, көлшік пайда бола бастаған. Артынан белгілі болғандай, мұндағы сантехника кәріз жүйесіне қосылмаған екен.
Дәретхана айналасындағы ауқымды көлшікті байқап қалған сол маңайдағы атвотұрақ иесі полиция қызметкерлерін шақырады. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары оқушыға дәретхананы бүлдіргені және тоғанды құрғатпақ болғаны үшін айып салған. Жасөспірім болса, өзінің бұл әрекетке телефон жадысында сақталып қалған таныстарының нөмірлеріне, фотосуреттер мен бейнежазбаларға қол жеткізу үшін барғанын айтқан.