Ақмола облысында суицид жасаған студенттің өлімі тергеліп жатыр
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Ақмола облысында өз-өзіне қол салған суденттің өліміне байланысты іс қозғалды.

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жағдай 14 шілдеде Қосшы қаласында болған.
«2007 жылғы кәмелет жасына толмаған жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсау дерегіне байланысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деп түсіндірді Kazinform тілшісінің сауалына ведомствоның баспасөз қызметінен.
Ведомстводан атап өткендей, жасөспірім — Астана қаласының тұрғыны, Көкшетаудағы колледждердің бірінде оқыған.
«Тергеу барысында полиция оқиғаның мән-жайын анықтайды. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», — деп толықтырды ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Қосшыда 6 жасар бала төртінші қабаттың терезесінен құлап кеткенін жазған едік.