Сулавеси: Табиғи апаттардан зардап шеккендер саны 2 мыңға жуықтады
СУЛАВЕСИ. ҚазАқпарат - Индонезияның Сулавеси аралында жер сілкінісі мен цунамиден зардап шеккендер саны 2 мыңға жуықтады. Ел билігі бейсенбі күні іздеу-құтқару операциясын аяқтауды жоспарлап отыр. Ал із-түзсіз жоғалып кеткендер саны 5 мыңнан асты, деп хабарлайды Еuronews.com.
Палу қаласында кейбір мектептер ашылды, алайда сабақтар әлі басталған жоқ. Алдымен мектепке баратын балалардың санын есептеп алып, содан соң сыныптарды сабаққа дайындау керек. Қаланың мектептерінің біріне дүйсенбі күні 697 оқушының 50-і ғана келген.
«Біз балаларға жарақаттарын емдеп, олардың рухтарын көтеріп, мектепке қайта баруларына көмектесеміз. Кеше бірнеше оқушы келді, біз олардан сұрамасақ та олар өздерінің мектептегі сабақтарды сағынғандарын айтты»,-дейді Орталық Сулавеси провинциясындағы №3 орта мектеп директоры Касилудин Тахия.
Өңірдің 200 мың тұрғынына гуманитарлық көмек қажет. Жақында ғана тікұшақтар орталықтан шалғай жатқан аудандарға азық-түлік пен бірінші кезекте қажет дүниелерді жеткізіп берді.
Айта кетейік, жер сілкінісі 28 қыркүйек күні сағат 18-02-де ел астанасы Джакартадан 2500 км қашықтықта 10 км тереңдікте болған еді. Зілзаладан соң кейбір аудандарда биіктігі 1,5 метрлік толқындар пайда болды.