Сүлейменов мұнайға тәуелділіктен құтылудың жолдарын айтты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы ұйымдастырған Еуразия апталығы аясында мұнайға тәуелділіктен туындаған мәселелер туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сүлейменов мұнайға тәуелділіктен құтылудың жолдарын айтты

«Бізде сын-қатер көп. Бүгінде  Қазақстан мұнай мен газға тәуелді болып отыр. Ол құпия емес.  Біз соның салдарынан қызмет көрсету саласына бағдарланған экономикамызды әртараптандыра алмай отырмыз. Индустриаландыру бойынша бағдарлама қолға алынғалы бері 7-8 жылда тәуелділік азайып келеді. Қызмет көрсету саласы өсті. Өңдеу саласындағы ілгерілеуді де байқап отырмыз. Мұнайдың бағасы шарықтап тұрған кезде де біз басқа салаларды дамыта алдық. Ол кезде жылына 60 млн тонна мұнай өндіретінбіз. Қазір баррелі 50-60 доллар болса да сол мұнай көлемін шығарамыз. Бұл өзгерістер ел экономикасына ықпалын тигізіп отыр. Жағдайды тұрақтандыруға тырысып жатырмыз», - деді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, экономиканы әртараптандырудың тағы бір проблемасы Қазақстанның климаты мен алыс қашықтықта орналасуы болып отыр.

«Біз инфрақұрылымды дамытуға көп ақша жұмсап жатырмыз. Мұнайды тасымалдау, жеткізу, Еуропаға қарағанда қымбатырақ. Тас жолдары мен көлік тораптарының жағдайы қанағаттанарлық, көп шығынды талап етеді. Көршілерімізбен тығыз байланыстамыз. Алматы мен Оралдан гөрі көршілес елдердің жақын орналасқан қалалары тығыз байланыста», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі.

Сондай-ақ, шенеунік алда атқарылуы тиіс міндеттерді де айтып өтті.

«Қазақстан Үкіметінің бағдарламалары мен даму стратегияларында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы өкілдері айтқан мәселелер түгел қамтылған. Ол экономиканы әртараптандыру, саннан сапаға көшуге басымдық беру. Өңірлерге әкімшілік және реттеушілік ресурстарды беру мүмкіндіктері қарастырылған»,- деді Сүлейменов.

Айта кету керек, Алматыда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Еуразия апталығы өтіп жатыр.