Сұлтан Сарсемалиев істі алқа билерге беруден бас тартты

АТЫРАУ.KAZINFORM — Сұлтан Сарсемалиев сот отырысында істі алқа билердің қарауынан бас тартты. 

Сұлтан Сарсемалиев істі алқа билерге беруден бас тартты
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Күдікті өзінің іс әрекетіне өкінетіндігін, бұл әрекетке қайын атасы мен енесі әйелі екеуінің арасына түскендіктен, балаларын тартып алмақ болғандықтан барғанын айтты.

— Ортамызға түсіп, ажырастырды. Сонда да бөлінгіміз келмей, бірге тұра бердік. Отбасыма араласуын тоқтатқан жоқ. Әйел мен балаларымды өзімнен айырды. Осының барлығы мені осы іске итермеледі. Қандай жаза берсе де өтеуге дайынмын, — деді күдікті Сұлтан Сарсемалиев.

Негізгі сот отырысы 28 мамыр 10:00–де өтеді.

Айта кетейік, бүгін алдын ала сот отырысы өтіп, прокурор күдіктінің қылмысты қалай жасағанын айтты.

Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.

6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.

Кейін олардың денелерінде пышақ іздері бары белгілі болды.

9 қаңтарда Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев екені ресми түрде белгілі болды

Сондай ақ жоғалған отбасы туралы тың деректерді әлеуметтік желі арқылы таратқан хакерге халықаралық іздеу жарияланған еді.

Ақпан айының басында күдіктің 5 баласы мемлекет қамқорлығына алынды.

Қанды қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікке сол үйдің қызы да ілінді.

Кейін екі күдіктінің шетелде қалай ұсталғаны жөнінде видео жарияланды.

Бірнеше күннен кейін олар Атырау қаласына жеткізілді

Кейін полиция Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасыны өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевті ата-енесін өлтірген үйге апарды. Ол тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын көрсетіп, сұрақтарға жауап берген.

Ішкі істер министрлігі жариялаған видеодан Сұлтан Сарсемалиевтің қалада жалдап тұрған үйінің іргесінен қазған шұңқырды көрсеткенін байқауға болады.

Сот медициналық сараптамасында және тергеу барысында анықталған дәлелдерге сәйкес Наурыз Мұқанғалиевтің 2025 жылдың мамыр айында қайтыс болғаны анықталды. Ал қалған үшеуі қараша айында көз жұмған.