Сұлтанбек Қожановтың шығармалар жинағы жарық көрді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оны Ұлттық кітапхана мен С. Қожанов атындағы қайырымдылық қоры саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырды. Жинақ «Алаш мұрасы» сериясымен «Арыс» баспасынан жарық көрген. Кітаптың құрастырушысы филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріп.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, ақын, аудармашы, әдебиеттанушы, ағартушы-ұстаз Сұлтанбек Қожановтың бұл жинағына әр жылдары жазылған түрлі тақырыптағы мақалалары, өлеңдері мен аудармалары енгізілген. Сонымен қатар, жинақта «Түркістан автономиясының 10 жылдығына» атты зерттеу еңбегі және тар қапастағы тергеу хаттамасы берілген.
Сұлтанбек Қожанов - 1917 жылғы революцияларда жарқырай көрінген Орта Азия мен Қазақстан тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі. Түркістан Республикасы мен Қазақ Республикасының жоғары басшылығында ұлт мүддесі үшін белсенді атсалысқан. Партия-кеңес жұмыстарында жауапты қызметтер атқарып, Қазақ өлкелік Комитетінің хатшысы болды. Математикадан қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтардың авторы. Сталиндік қуғынға ұшырап, 1938 жылдың 10 ақпанында ату жазасына кесілді. Кейін 1957 жылы ақталды.
«Сұлтанбек Қожанов Түркістан қазақтарының Қазақ Автономиясына қосылуына мол еңбек сіңірген. Әсіресе қазақ зиялыларының бірлігі үшін көп тер төккен.Тарихи тұлғаның жазбаша мұрасы осы кітапта тұңғыш рет топтастырылып отыр. Осындай ақтаңдақтарымызды ұлағаттап отыру елдігіміз үшін өте маңызды» - деді жиынға қатысушы филология ғылымдарының докторы, профессор Т. Кәкішев.
Отырыстан соң оқырмандар үшін кітапхана қорынан С. Қожановқа арналған кітап көрмесі ұйымдастырылған.