«Сұлтандар» граффитиі әлемнің үздік туындылары қатарына кірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық суретші Дмитрий Левочкин салған «Сұлтандар» граффитиі әлемнің үздік туындаларының бірі ретінде мойындалды. Жағымды жаңалықты Астананың Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек Facebook-тегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Стрит-артқа маманданған, әлемдегі ең беделді басылымдардың бірінің Инстаграмында @urbanfestastana фестивалі аясында салынған граффитилердің бірі жарияланды! @streetartnews» - деп жазды әкім.
Айта кетейік, танымал ағылшын порталы «StreetArtNews» - заманауи қала өнері туралы жазатын, бүкіл әлемдегі граффити туындыларын жариялап отыратын беделді басылым.
«Urban Art Astana» - Астанадағы алғашқы көшедегі өнер туындыларының фестивалі. Дмитрий Левочкин таңдаған тақырып Қазақстанның тарихы мен дәстүрлерін насихаттайды. Суретші оптикалық графиканы фон ретінде пайдаланып, 3D форматында төл суреттер салады. Үздіктер қатарында аталған туындысы төре тұқымының өкіліне арналған.
