Сұлтанмахмұт Торайғыровтың тұңғыш рет республикалық оқуы өтті
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қаласында Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы республикалық көркемсөз оқулары конкурсы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен 18 бен 28 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты.
Байқау ережесіне сай, үміткерлер Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кез келген шығармасынан үзінді оқып, өз өнерін ортаға салды.
Сайыс қорытындысы бойынша Павлодар облысының үміткері Расул Темеш бас жүлдені қанжығасына байласа, I орынды Нұр-Сұлтан қаласының үміткері Ғылымқал Манай жеңіп алды. Ал ІІ орын Павлодар облысы атынан қатысқан Диана Қабылқайырға бұйырса, ІІІ орынды Батыс Қазақстан облысынан келген Айдос Исекенов иеленді.
Сондай-ақ Сұлтанмахмұт Торайғыров қорының арнайы сыйлығына Шығыс Қазақстан облысынан келген Ержан Аханов ие болды.
Барлық қатысушылар арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
«Конкурс қасиетті жазушының ауылы Баянауылдағы Торайғыр ауылының мәдениет үйінде болды. Әр облыстан келген қатысушылардың бәрі мықты, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар, барлығыда мықты дайындықпен келген, ақынның жырларын тебірене оқыды. Байқаудан алған әсеріміз ерекше. Ақынның жырын ғана оқып қоймай, ауылын, өскен жерін, Торайғыр көлін көрдік. Суы тұнық, шөбі шүйгін бұл мекен ақынның жырына арқау болғаны байқалады. Бұл жарысты ұйымдастырған қатысушылармен ұйымдастырушыларға рахметімізді айтамыз. Ұйымдастыруы өте жоғарғы деңгейде өтті. Енді бұл байқауды жыл сайын ұйымдастырып дәстүрге айналдырса деген ниеттеміз», дейді қатысушы Ғылымқал Манай.
