Сұлтанов Үкімет басшысының сынына жауап берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында игерілмей жатқан қаржыға қатысты жауап берді. 

Сұлтанов Үкімет басшысының сынына жауап берді

Отырыста ол бюджет ақшасын уақытында игермейтін облыстарға қосымша қаражатты бөлгені үшін Үкімет басшысының сынына ұшыраған болатын, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Әрине, бақылау жұмысы жалғасатын болады. Былтыр қалай игерілді, кімде қандай проблема бар, неге игерілмеді, соның бәріне талдау жасап, келесі жылғы бюджетті таратқанда ондай әкімдіктерге қосымша қаржыны бөлмейміз. Сөйтіп, "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында қаржы бөлу жүйесін қолма-қол басқарып отырамыз. Бюджет қаржысын игеруді екінші жартыжылдыққа қалдырмай, бәрін бір жылдың ішінде біркелкі игеруді қамтамасыз етуіміз керек. Жалпы, қаржы игеру жағынан нақты көрсеткіш бар. Ол - жұмыстың нәтижесі. Ондай көрсеткішке жетпеген органдардың жеке жауапкершілігі де қарастырылған", - деді Сұлтанов Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслиxатында.

Министрдің айтуынша, конкурстарды өткізу кезінде қаржылық бақылау шаралары бюджет ақшасын игеруге тосқауыл болып жатады. Сол себепті бүгінде мемлекеттік аудит сияқты камералдық бақылаудың арқасында қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмысы жүргізіледі. "Осының нәтижесінде біз 55 млрд. теңгені құқық бұзушылыққа дейін жеткізбей, конкурстардың уақытында әрі тәртіп бұзушылықсыз өтуіне жағдай жасадық. Дегенмен, қаржылық бақылаудың нәтижесі де жоқ емес. Мәселен, өткен жылы 5 мемлекеттік қызметші 500 мың теңге айыппұл төледі. Бұдан бөлек, 24 адам тәртіптік жазаға тартылды және бір адам жұмыстан қуылды", - деп атап көрсетті қаржы министрі.

Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында бюджет қаржысын уақытында игермеген облыс әкімдерін бір "сілкілеп" алды. Одан кейін, Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа шүйлікті. "Мен түсінбеймін, теxникалық-экономикалық негіздемені, жобалық-сметалық құжаттарға өзгеріс енгіземіз деп, құрылыс жұмыстарын қалай тоқтатуға болады? Бақыт Тұрлыxанұлы, ондай жобаларға қалай ақша бөлуге болады? Ақшаны алып алады да, түзету жасауға кіріседі. Президент сізге ескерту жасады ғой. Қатаң талап қойыңыз!", - деді Премьер-Министр. Бақыт Тұрлыxанұлы "Құп болады!" деп қысқа ғана қайырды.