Сұлу сөздiң сүлейi Сәкен Жүнiсовтiң туғанына - 80 жыл

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгiн Астанада Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрында атақты "Ақан серi" дилогиясының авторы, жазушы Сәкен Жүнiсовтi еске алу кешi өттi.

Сұлу сөздiң сүлейi Сәкен Жүнiсовтiң туғанына - 80 жыл

Әдеби кешке қаламгердiң туған-туыстары, достары, ҚР Парламентiнiң депутаттары, қоғам және мәдениет қайраткерлерi, ақын-жазушылар қатысты.

"Iзiн қуып келе жатқан Жүрсiн Ерман, Тұрсын Жұртбай және тағы басқа iнiлерi, бiздер сол бәйтеректiң маңында жүрушi едiк. Сәкеңнiң бүкiл шығармасы елiнiң азаттығы үшiн, ұлтының рухын көтеруге арналған. Ең алғашқы "Жапандағы жалғыз үй" романынан бастап, соңғы шығармаларына дейiн барша қазақтың көрген қасiретiн, ұлттың тартқан азабын көркем шығармада әдемi өрген, кеңiстiгi де кең, биiктiгi де заңғар қазақтың ұлы жазушысы болатын", - деп еске алады Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi, ақын Несiпбек Айтұлы. - Сегiз қырлы кiсi дейдi ғой қазақ, ол кiсiнiң қыры тiптi сегiзден де көп. Балуандығы, әншiлiгi, жазушылығы, батырлығы, серiлiгi бар, қажет болса, кейде перiлiгi де болатын, анау-мынаулардың жынын қағып алатын".

Сәкен Жүнісов 1934 жылы 11 ақпанда Көкшетау (қазіргі Ақмола) облысының Қызылту ауданы, Кішкенекөл ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдағаннан кейін еңбек жолын "Пионер" (қазіргі "Ақ желкен") журналында әдеби қызметкер болып бастады. М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметтерін абыройлы атқарды.

Сәкен Жүнісов бірыңғай жазушылықпен айналысқан жарты ғасырға таяу шығармашылық өмірінде қазақ әдебиетін өркендетуге өлшеусіз үлес қосты. "Ақан сері" дилогиясы, "Жапандағы жалғыз үй", "Заманай мен Аманай" романдары қалың оқырман қауымнан да, әдеби сыннан да жоғары баға алды. "Ажар мен ажал", "Тұтқындар", "Қызым, саған айтам", "Жаралы гүлдер", "Қос анар", тағы басқа пьесалары республика театрларында табыспен қойылды. Жазушының "Өліара" пьесасына 1986 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Көптеген шығармалары шет тілдеріне аударылды. Қаламгердің өзі де Л.Толстой, С. Цвейг, О.Гончардың әңгімелері мен романдарын қазақ тіліне тәржімалады.

С. Жүнісовтің қаламынан туған таңдаулы шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорынан берік орын алған құнды дүниелер болып табылады.