Суматрада зілзала құрбандарының саны 1100 адамға жетті
АСТАНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат - Индонезияның Суматра аралында болған зілзаланың салдарынан ең аз дегенде, 1100 адам қаза тапты, деп хабарлады БҰҰ-ның гуманитарлық орталығының басшысы Джон Холмс. Бұл туралы ВВС телекомпаниясы хабарлап отыр.
Қуаты 7,6 балдық жер сілкінісі қыркүйектің 30-ында Индонезияның Суматра аралының жағалауында тіркелген болатын. Жерасты дүмпулерінің кіндігі Батыс Суматра провинциясы әкімшілігінің орталығы Паданг қаласының солтүстік-шығысына қарай 53 шақырымдай жерде теңізде болған. Дүмпулер зілзала кіндігінен 960 шақырымдай қашықтықта орналасқан Ява аралында, ел астанасы Джакартада да сезілген. Көп ұзамай осы өңірде күші 6,6 балдық тағы бір жер сілкінісі тіркелді.
Паданг қаласында 500-ден астам ғимарат, тұрғын және әкімшілік нысандар құлаған, үйінділердің астында мыңдаған адам қалып қойған. Мектептер, ауруханалар, мешіттер, отельдер, инфрақұрылымдық нысандар қирап, негізгі коммуникациялар бұзылған, электр қуаты жоқ. Құтқарушылар үйінділерді тазартып, аман қалған адамдар мен қаза тапқандардың денелерін іздестіруде. Падангтың төңірегіндегі аумақтардағы қираулардың ауқымы әзірге белгісіз, себебі апат салдарынан жолдар қатты зардап шеккен, аймақтармен байланыс жоқ.