Сумен қамтамасыз ету саласында білікті мамандар тапшы - Халықаралық конференция
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Қазақстандағы елді мекендерді сумен қамтамасыз ету және су бұру жүйелерін жобалаудың өзекті мәселелері» тақырыбындағы халықаралық конференцияда сумен қамтамасыз ету кадрларын даярлауды арттыру керектігі айтылды.
«Қазақстандық Суарнажобасы» АҚ президенті Эльдар Табановтың сөзіне қарағанда, бүгінде елімізде осы салада білікті мамандардың тапшылығы сезіліп отыр. «Бұл саланың мамандары табысы жоғары санаттағы қызметкерлерге жатқызуға болады. Алайда, бұл бағыттағы білікті мамандарға сұраныс жоғары. Сондықтан да жастар арасында осы мамандықты таңдау кезінде аталған мәселелер ынталандырушы тетік болуы тиіс», - деді Э. Табанов.
Өз кезегінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Сәулет-құрылыс факультетінің деканы, профессор Талғат Байтасов қазіргі кезде тиісті мемлекеттік органдармен және саладағы жобалау өндірістік кәсіпорындармен бірлесіп шешуге негізделген бірқатар қордаланған мәселелер бар екенін атап өтті.
«Соңғы бірнеше жылдарда сумен қамтамасыз ету және кәріз мамандығы бойынша білім алуға ниетті студенттер санының төмендеуі байқалды. Өткен жылы осы проблемаға тағы біреуі қосылды. Атап айқанда ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен типтік оқу жоспарында «Құрылыс» мамандығындағы «Сумен қамтатасыз ету және кәріз жүйесі» бағыты енбей қалған. Бұл дегеніміз университет аталған саладағы мамандарды 2014 жылдан даярлауға құқы жоқ дегенді білдіреді», - дейді декан.
Оның сөзіне қарағанда, осыған байланысты бұл салада мамандарды даярлауды үзбеу үшін 2013 жылы жоғары оқу орны министрлікке тиісті құжаттар пакеті ұсынылды. Алайда ведомство университеттің ұсынысын құптамаған көрінеді.
Бұл тұрғыда конференция барысында ҚР ӨДМ Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Асқар Сманқұлов ведомство осы мәселе бойынша қолдау жасауға дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар ол осы салада Қазақстандағы ғылыми алаңдарда гранттар санын арттыру маңызды екенін жеткізді.