Сумен жабдықтау және су бұрғыш нысандарын жобалауда жобалық-сметалық құжаттаманы көбінесе тәжірибесі жоқ ұйымдар әзірлейді - С.Нокин

АСТАНА. Шілденің 13-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Сумен жабдықтау және су бұрғыш нысандарын жобалауда жобалық-сметалық құжаттаманы көбінесе тәжірибесі жоқ ұйымдар әзірлейді.
None
None

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті.

Бұл орайда агенттік төрағасы бірқатар мысалды Үкімет мүшелерінің назарына ұсынды. Мәселен, оның атап өтуінше, «Қарағандықалажоба» ЖШС-нің жобалауға қатысты барлық жұмыстарды атқаруға лицензиясы бар. Алайда оның штатында бар-жоғы 4 адам болса, оның бірінің, яғни сумен жабдықтау және су бұрғыш бөлімінің жобалау жөніндегі бас маманының мамандығы эколог. Жобалау шеберханасы тұрғын үй пәтерлерінің бірінде орналасқан. Ал «Павлодар облысы Май топтық су бұрғышын қайта қалпына келтіру» жобасын бейініне жатпайтын «Қазэлектромонтаж» АҚ орындаған. Бұл орайда тапсырыс берушінің жобалау тапсырмасын қате бергендігін атап өткен С.Нокин, «су қоры расталмай жобаланған, бұл аса дөрекі қателік болып табылады. Жоба бойынша 159 ескертпе анықталды және бүгінге дейін ол әзірленген жоқ», деді.

Қазіргі уақытта елімізде жобалау жұмыстарын жүргізуге 12 мың лицензия берілген. Дегенмен 50-ге жуық кәсіпорын ғана сумен жабдықтау нысандарын жобалауға маманданған әрі жақсы өндірістік базасы мен білікті мамандары бар.

Соңғы жаңалықтар