Сунак сайлауда жеңіске жете ме?
Ұлыбританиядағы Жалпы сайлау жылдың екінші жартысында өтетін болды. Бұл туралы премьер-министр Риши Сунак мәлімдеді. Ол тура бір жыл бұрын «Инфляцияны екі есеге дейін төмендетемін, экономиканы дамытамын, мемлекеттік қарызды азайтамын, денсаулық сақтау саласының жұмысын ретке келтіремін және босқындардың ағылуына тосқауыл қоямын» деп уәде берген еді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
«Менің болжамым бойынша, Жалпы сайлау осы жылдың екінші жартысында өтеді. Оған дейін мен көп нәрсе істеп, үлгергім келеді. Біз миллиондаған еңбек адамының салығын азайтып жатырмыз. Олар орташа есеппен жылына 450 фунт үнемдей алады. Біз инфляцияны екі есеге азайттық», - деді Риши Сунак.
2023 жылдың соңына қарай инфляцияны 10,7 пайыздан екі есеге төмендетемін деп уәде еткен үкімет басшысы дегеніне жетті. Бірақ бұл Риши Сунактың емес Англия банкінің жетістігі дейді сарапшылар. Жылу мен жарықтың әлемдік бағасының бірқалыпты болуы да оның оң жамбасына келді. Дейтұрғанмен, азық-түлік пен коммуналдық қызметтің құны төмендемей, өсіп жатыр. Бұған наразы халық көшеге шықты. Ондаған мың кіші санаттағы дәрігерлер тарихтағы ең ұзақ ереуіл ұйымдастырып, жалақысын көтеруді талап етіп жатыр.
«Білесіз бе, дәрігерлер де адам. Біз наразылығымызды білдіргіміз-ақ келмейді. Бірақ үкімет біздің жалақымызды жылдан-жылға қысқартуға ниетті. Соңғы 15 жылда табысымыз 26 пайызға төмендеді. Біз енді не істеуіміз керек?» - деді Жас дәрігерлер комитетінің тең төрағасы Роберт Лоуренс.
Риши Сунак аурухана кезегінде тұрғандардың санын азайта алмады. Керісінше, олар көбейіп 8 млн науқасқа жетіп қалды. Үкімет басшысы елдің бірнеше аймағын басқан су тасқынының алдын алмағаны үшін де қатты сынға ұшырады. Саясаткерге жыл сайын қайталана беретін табиғи апатты болдырмау үшін жеткіліксіз деңгейде қаржы бөлді деген айып тағылды.
«Мен осында келіп, тұрғындармен кездестім. Апаттың адам шошырлық салдары туралы сөйлестім. Ылғал ауа, барлық жерді алып жатқан топан әрі лас су халықты әбігерге салды. Мұның барлығының алдын алуға болар еді», - деді Лейбористер партиясының көшбасшысы Кир Стармер.
Риши Сунактың басты қарсыласы – Кир Стармер. Ол жетекшілік ететін оппозициялық лейбористер партиясы қоғамдық пікір зерттеу қорытындысына сәйкес бәсекелесінен оқ бойы озық келеді. Саясаткер 14 жыл ел басқарған консерваторларды биліктен қууға шақырды. Ол жаңа үйлер салып, жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға күш салуға ниетті.
«Ұлттық миссиямыз ретінде уақыт жағынан өлшемі бар, айқын мақсаттарды ұстанып отырмыз. Олар: үлкен жетілікке кіретін елдердің ішіндегі ең жоғарғы экономикалық өсім, нәзік жандыларға қатысты зорлық-зомбылықты екі есеге азайту, 2030 жылға қарай таза энергияға қол жеткізу», - деді Лейбористер партиясының көшбасшысы Кир Стармер.
Қазір экономикада сәл де болса ілгерілеу бар. Жалпы ішкі өнім көрсеткіші 0,1 пайызға ұлғайып отыр, бірақ бұл мардымсыз дейді сарапшылар. Англия банкі осы жылы Ұлыбритания экономикасы қысқарып, рецессияға түсу қаупі елу де елу деп ескертті.
Тағы бір күрмеулі мәселе. Франциядан үрлемелі қайыққа мініп, Ла-Манш бұғазы арқылы келіп жатқан босқындарды тоқтату қиынға соғып отыр. Заңсыз мигранттарды Шығыс Африкаға мәжбүрлеп көшіру туралы заң қабылдағанымен, әлі күшіне енбеді. Өткен жылмен салыстырғанда келімсектердің саны 36 пайызға азайғаны рас. Бірақ бұл – уақытша құбылыс. Ауа райы жақсарғаннан кейін олар қайта ағылады-мыс. Қандай мәселе болмасын, үкімет проблеманың алдын алудың орнына салдарымен күресіп әлек дейді сарапшылар. Сайлаушылар да саясаткердің сөзі мен ісінің қабыспауын алға тартады.