Сұңқылдақ аққуды Қызыл кітапқа енгізе алмаймыз — орнитолог
АСТАНА. KAZINFORM — Сұңқылдақ аққуды Қызыл кітапқа енгізуге ешқандай негіз жоқ. Мұндай пікірді Қазақстан құстарын қорғау одағының мүшесі, орнитолог Виктория Ковшарь айтты.
«Сұңқылдақ аққу ерекше қорғау мәртебесін қажетсінбейді. Өйткені, аққудың бұл түрінің саны көп. Оны Қызыл кітапқа енгізе алмаймыз. Мынадай өлшемшарттары бар: санының аз болуы, тіршілік ету ортасының тарлығы, санының күрт азаюы. Сұңқылдақ аққу бұл өлшемшарттарға сай емес. Дегенмен, оны аулауға тыйым салынған. Каспий өңірі сұңқылдақ аққудың әлемдік популяциясы үшін маңызды рөлге ие. Біз сәуір, маусым және қазан айларында кемінде 4 екікүндік аудио-визуалды есепке алу жүргіземіз. Өткен жылдың қазан айының соңында Итбалық аралы ауданында 80 мың сұңқұлдақ аққу түрін есепке алған едік. Ал таяуда 32 мың аққуды есептедік. Қалғандары Түрікменстан мен Иранға ұшып кетті», — деді ол Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен Қаракөл көліндегі аққулардың қырылуына қатысты брифингте.
Оның айтуынша, тәуелсіз 3 зертханада өткізілген сараптама нәтижесі аталған көлдегі аққулардың қырылуына құс тұмауы себеп болғанын көрсетіп берген.
Негізінен балапан құстар өлген.
«Біздің бағалаумызша, әр қыста Маңғыстау жағалауына шамамен 50 мың сұңқылдақ аққу, Қызыл кітапқа енгген 200-300 қиқылдақ аққу қыстайды. Сонымен қатар соңғы уақытта Қызыл кітапқа кірген кішкентай аққу пайда болды. Бұған дейін аққулардың жаппай қырылуын байқамаған едік. Бірақ, құс тұмауынан құстардың басқа түрлері жаппай қырылғанын көрдік. 2015 жылы құс тұмауынан бір топта ұя басқан бұйра бірқазан қырылып, қызғылт бірқазан аман қалды. Екі жыл бұрын қарабас өгіз шағала мен үлкен қарқылдақ шағала жаппай қырылды. Сол уақытта оның себебі мұнайдың төгілуі деген болжам болған еді. Бірақ, үкіметтік комиссия құс тұмауының себеп болғанын анықтады. Каспийдің ресейлік бөлігінде, Жерорта теңізінде және әлемнің басқа бөлігіндегі Мичиган көлігінде үлкен қарқылдақ шағала жаппай қырылған еді. Бұл — оқтын-оқтын болып тұратын жайт», - деді орнитолог.