SUP борд тепкен — Каспийде толқын алып кеткен екі ер адам құтқарылды
АСТАНА. KAZINFORM - Каспий теңізінде SUP борд тепкен екі ер адамды толқын жағадан 8 км қашықтыққа алып кеткен. Куәгерлер оларға көмек керек екенін түсініп, құтқарушыларды шақыртқан.
"Маңғыстау облысында қараңғы кезде жігіттер жергілікті толқындарды бағындыруға аттанған, бірақ қатты желдің салдарынан өз бетінше жағаға шыға алмай қалған. Куәгерлер олардың көмекке мұқтаж екенін көріп, құтқарушыларды шақырды. ТЖМ жедел-құтқару жасағының құтқарушылары көмекке асықты. Олар жастарды тауып, жағалауға жеткізді. Ер адамдардың жағдайы тұрақты. Олар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ" делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысының тұрғындары Каспий теңізінің жағалауындағы ең әдемі жерлердің бірі – «Көк шығанақ» жағажайы қоқысқа толып кеткенін айтып, шағымданғаны туралы жазған едік.