Super Bol: Аулада доп тепкен әуесқойдан қалай кәсіби футболшыға айналуға болады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Футбол барлық жағынан бір-біріне ұқсамайтын адамдарды ортақ қызығушылық жолында біріктіреді. Ал кәсіби ойын барысында, нағыз алаңда доп тебу бүкіл еліміздегі көптеген бала мен жасөпірімнің орындалмас арманы болып қала береді. Дегенмен, Super bol жобасы мұндай арман жетегінде жүрген талай жеткіншектің жүрегінде үміт отын оятты. Осы жоба жайында ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Super bol бас продюсері Асқар Ұранхаев тарқата айтып берді.

Super Bol: Аулада доп тепкен әуесқойдан қалай кәсіби футболшыға айналуға болады

- Жоба жайлы егжей-тегжейлі білсек... Оны жасауға не итермеледі?

- Біз жобаны өткен жылы іске қосқан едік. Оған өте көп адам қатысты. Ресейде «Кто хочет стать легионером» деп аталатын жоба болды. Авторы - ресейлік танымал футбол агенті Алан Прудников. Оның ең табысты мәмілесі – бұл танымал украин футболшысы Александр Зинченконың ауысуы. Қазіргі уақытта ол ойыншы Лондонның «Арсенал» клубында өнер көрсетеді.

Біздің жобаға келер болсақ, оны құруға футболға деген сүйіспеншілік пен әділдік, адамдардың санасындағы қандай да бір сыртқы факторсыз, жемқорлықсыз өз күшіңмен бірдеңе жасауға болатынына сенімсіздікті сейілтуге деген ниет итермеледі.

Бізде елімізде талантты балалар, шебер жаттықтырушылар, әлеуметтік лифт ретінде футбол арқылы өз өміріңді, тағдырыңды өзгертуге барлық мүмкіндік бар екенін көрсетуге деген ыстық ықылас болды.

- Жобаға қатысу шарттары қандай?

- Шарты өте қарапайым: жасы 16-дан 23 жасқа дейін болуы қажет. Түптеп келгенде сол ғана. Кез келген жас сайтта тіркеліп, қатысады.

- Жоба қатысушылары материалдық көмек, жалақы, қаламақы ала ма?

- Жоба қатысушылары – биыл іріктеп алған 50 адам. Олар өте жақсы, тіпті Шығыс Еуропадағы үздік саналатын «Қайрат» футбол клубының базасында 1988 жылы КСРО құрамасының сапында Олимпиада чемпионы болған Яровенок Евгений Викторовичтың жетекшілігімен толық оқу-жаттығу процесіне қатысу мүмкіндігін алды. Ал материалдық көмек, жалақы, қаламақыға келер болсақ, жоқ. Меніңше, одан да маңызды мүмкіншілік бар.

- Ойыншылар қандай ағаттық үшін жобадан шеттетіледі? Жоба қатысушысымен физикалық немесе техникалық шама-шарқының сай болмауына байланысты қош айтысу мүмкіндігі қандай?

- Ағаттық әртүрлі болуы мүмкін. Өйткені, іс жүзінде жоба тәртіпке аса ыждағатпен қарауды көздейді. Ал жоба қатысушысымен физикалық немесе техникалық шама-шарқының сай болмауына байланысты қош айтысу табиғи дүние. Өйткені, үнемі іріктеу, тұрақты жаттығу жүргзіледі.

Балаларды жаттықтырушылар қарап, физикалық жай-күйін мониторингілеу жүйесін қолданады. Онымен мамандар тобы жұмыс істейді. Жазықты болып қалудың себебі көп. Ол – режимді сақтамау, жаттықтырушылар штабындағы біреулерді айтпағанның өзінде команда мүшелерінің бірімен жанжалдасу. Бірақ, мұндай орын алуы мүмкін емес.

- Жоба ұйымдастырушыларының Қазақстанның Премьер-лига клубтарымен байланысы бар ма? Жоба қатысушылары ішінен болашақта лигаға кіретін клубтардың бірімен келісімшартқа қол қою мүмкіндігі қандай?

- Біздің жобамызды Қазақстанның футбол федерациясы қадағалап отыр. Ол біздің негізгі серіктестеріміздің бір. Қазақстанның премьер-лигасы да, клубтар да қазіргі уақытта бізді қарайды. Бүгіннің өзінде кейбір келіссөз жүріп жатыр. Бірақ, бұл әзірше инсайд. Біз Super bol жобасына қатысушылардың ішінен әйтеуір біреуі Қазақстан премьер-лигасы немесе бірінші лига клубымен, тіпті таяу және алыс шетелдердің клубтарымен келісімшартқа қол қояды деп үміттенеміз. Меніңше, өте үлкен мүмкіндік бар.

- Шетелде осыған ұқсас жоба бар ма? Қандай серіктестермен ынтымақтастықтасыздар?

Шынын айтқанда, мұны баса назар аударып, қарастырып көрмеппіз. Тек айтарым, Super bol жобасы өткен жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, сол кездегі министр Асқар Омаровтың тікелей қолдауымен және Қазақстан футбол федерациясының, Freedom Finance басшысы Тимур Турловтың толықтай қаржылай сүйемелдеуімен дүниеге келді. Яғни, бұл - бірегей жоба.

Биыл біз өте көп адамды қамтыдық. Ұланғайыр еліміздің 14 өңірінен 16 мың адам қатысты. ҚР Президенті жанындағы «Dara» дарындыларды қорғау қорының саяси қолдауының арқасында бізді барлық мемлекеттік орган мен клубтар сүйікті қонақтай қарсы алды. Меніңше, қамтуы, әлеуметтік әрі саяси құрамдас бөлігі бойынша өмірге ықпалы жағынан жобаның әлемде баламасы жоқ.

- 29 шілдеде өтетін финалдық ойын жайлы тарқата айтып берсеңіз. БАҚ-та жарияланған ақпаратта ойынға QJ league құрамасы мен Super bol финалистері қатысатындығы айтылады. Біздің білуімізше, финалда «Қайрат-Жастар» мен Super bol ойнаған еді. Демек құрама аралас бола ма? Super bol командасынан кімдер 29 шілдедегі ойынға қатысады?

- 29 шілдеде «Астана Арена» стадионында сағат 20:00-де 2023 жылғы Super bol 2.0 финалдық нұсқасы мен «All Stars of QJ league» командасы арасында матч өтеді. Өзіңізде білетіндей, QJ league бұл жолы да Тимур Турловтң толықтай қаржылай қолдауымен биыл құрылды. Жоба 18 жасқа дейін бүкіл Қазақстан бойынша 12 команданы қамтиды.

QJ league жеңімпазы келесі маусымда чемпиондардың жасөспірімдер лигасына қатысатын болады. Сондықтан да орасан зор іс-шара болады. Бұл сөзді айтудан қорықпаймын. Ойынға әлем чемпионаттарының финалдық бөлігінің ең көп матчында судьялық еткен, бүкіл әлемге танымал арбитр Равшан Ирматов төрелік жасайды. Қазіргі уақытта ол Өзбекстан Футбол федерациясының бірінші вице-президенті және жақын досымыз. Ол да жобамызда қолдауға зор ілтипатпен келісім берді.

Біз бұл дәстүрді бұзбайық деп шешім қабылдадық. Дегенмен, бастапқыда барынша қызуқанды арбитрларды шақырғымыз келген. Олардың қатарында талқылау барысында Джюнейт Чакыр мен Пьер-Луиджи Коллин есімдері аталды. Үзіліс кезінде «Ирина Кайратовна» тобы өнер көрсететін болады. Өте көп скаут (Скаут – кәсіби спортта спортшылар туралы ақпарат жинайтын, байқайтын, барлайтын және өз командасына тартатын адам) келеді деп күтіледі. Олар бізбен бірге ойынды тамашалайды.

Скауттар Super bol-да, QJ league-те жинаған жас таланттарды байқау үшін келеді. Бұл ретте үлкен спорттық және идеологиялық құрамдас бөлігі бар. Ал Super bol мен «Қайрат-Жастар» арасындағы ойын басты матчқа дайындық кезеңдерінің бірі еді. Өткен жылы бізде дәл осындай ойын Қазақстанның 2000 жылдардағы жұлдыздар құрамасымен бөлді. Ол кезде Самат Смақов, Андрей Карповвич, Арно Пайперс келген еді.

- Сұхбатыңызға рақмет!