«Супер Лотодан» 69 410 662 теңге ұтысқа ие болған екі жеңімпаз марапатталды

; АЛМАТЫ. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Бүгін Алматыда «Kazakhstan Lottery Service» ЖШС-і және «Samsung SDS» өкілдері «Супер Лото» лотереясының Астана мен Шымкент қаласында суперсыйлығына ие болған екі жеңімпаздың әрқайсысына 34 705 331 теңге сомасындағы чекті тапсырды,

«Супер Лотодан»  69 410 662 теңге ұтысқа ие болған екі жеңімпаз марапатталды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

1-ші санаттағы жеңімпаздар 9 қаңтарда «Супер Лотоның» тарихында бірінші рет өткен №6 тираждың нәтижесі бойынша анықталған. Жеңімпаздар 38 санның ішінен 6 сандық (1, 5, 8, 10, 19, 29) комбинацияны дәл тапқан.

Жеңімпаздың біреуі - теміржол саласында жұмыс істейтін 51 жастағы инженер Е. мырза Алматы тұрғыны. Оған еліміздің астанасында тұратын қарындасы 2 билет сыйлаған көрінеді, оның біреуі сәтті билет болып шыққан. «Мен Кеңес өкіметі тұсынан осындай ойындарды ойнап келем, осы жолы жұлдызым жанып жеңімпаз атанып отырмын. Бұл таудай талабыма Алланың берген сыйы деп санаймын», дейді инженер. Екінші суперсыйлық иегері 56 жастағы шымкенттік А. ханым үйінің маңындағы дүкеннен екі лотерея билетін сатып алыпты. Соның бірі оған жеңіс әкелген. «Мен екінші рет ойнау арқылы осындай жүлдеге қол жеткіздім, егер сәттілікке сене алатын болса, кез-келген адам «Супер Лотода» ұта алады», дейді ол.

2009 жылдың 19 желтоқсанында өткізілген үшінші тиражда Астана, Алматы, Тараз және Шымкент қалаларынан 4 адам екінші санат бойынша 5 санды дәл тауып және қосымша жеңілдікке берілген сан мен 10 405 733 теңге ұтып алған.

«Супер Лото» лотереясының жаңа билеттері 2009 жылдың 30 қарашасында Қазақстанның 7 қаласы: Алматы, Астана, Қарағанды, Семей, Тараз, Өскемен және Шымкентте сатылды. 1-ден 10-шы тиражға дейін суперсыйлық ең аз дегенде 50 миллион теңге көлемінде болуына кепілдік берілді. Билеттерді базарларда, сауда орталықтарында, автобус аялдамаларында орналасқан онлайн-терминалдар арқылы сатып алуға болады. Мүмкіндік ретінде берілетін 38 санның ішінен ойыншы кез-келген 6-ын таңдап, түбіртекті толтырады да оны онлайнда тіркейді. Барынша ашық, жария түрде жүргізілетін бұл жаңа лото жүйесі осындай жүйелерді жасаудың әлемдегі үздіктерінің бірі «Samsung SDS» компаниясының қатысуымен құрылған. Ұтыс әр сенбі сайын КТК телеарнасында сағат 20:20-да тікелей эфирде жүргізіледі. Жүлделі орындар таңдап алған сандардың ұтысты нөмірлермен сәйкес келуінің санына байланысты алты санат бойынша анықталады. Бір ойынның құны - 100 теңге. Қазіргі уақытта суперсыйлық 50 миллион теңгені құрайды. Егер оны ұтып алмаса, ол келесі тиражға өтеді», дейді «Kazakhstan Lottery Service» ЖШС Төрағасының орынбасары Есенгелді Медеуов.