Суперкомпьютер құру: Қазақстанға қажет жабдықтар жеткізілді
АСТАНА. KAZINFORM – Суперкомпьютерді құруға қажет Nvidia-ның алғашқы чиптері жеткізілді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин мәлім етті.

- Платформадағы маңызды бағыттың бірі – суперкомпьютер. Біз Nvidia-ның алғашқы чиптерін алдық. Олар орнатылып, мемлекеттік органдарға таратылды. Осы чиптердің негізінде мемлекеттік қызметшілердің жұмысына көмектесетін агенттер мен жасанды интеллекке қатысты жүйе әзірленіп жатыр, - деді Қ. Төлеушин елордада Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысында «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын талқылау кезінде.
Оның айтуынша, шетелде де еліміздің кластері бар. Ол бізге көбірек қуатты қажет ететін басқа күрделі модельдерді дайындауға мүмкіндік береді.
- Мәселен, біз шетелдегі кластерлерде осындай ауқымды мүмкіндіктерді пайдалана отырып, үлкен модельді әзірледік. Біз мұнымен тоқтамаймыз. Бізде қуаттырақ суперкомпьютер болады. Осы орайда АҚШ-тағы реттеушіден барлық қажет рұқсаттарды алдық. Менің ойымша, биыл бізде жеткілікті қуатты жүйені жасақтаймыз, оны тек мемлекеттік органдарға ғана емес, сонымен қатар бағдарлама әзірлеушілерге, стартаптарға, ғалымдар мен сарапшыларға таратамыз, - деді вице-министр.
Еске салсақ, аталған заң жобасы биыл наурыз айында Мәжілісте таныстырылған еді.
Заң жобасы жасанды интеллект технологияларын (жүйелерін) пайдаланудың бірыңғай құқықтық базасын белгілеуге бағытталған.
Бұған дейін Қазақстан қуаты күшті суперкомпьютер құруға кіріскенін жазған едік.
Былтыр күзде министрлік суперкомпьютер үшін жабдыққа Америка Құрама Штаттарына алдын ала тапсырыс бергенін мәлімдеді.
Дегенмен, Қазақстанға жабдықты жеткізу мерзімі АҚШ үкіметінің Қазақстан Республикасына чиптерді экспорттау туралы қорытындысын шығаруына байланысты. Америкалық тарап экспорт лицензиясын алу процесі ұзаққа созылатынын хабарлады.
Биыл сәуір айының басында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанға қуаты күшті суперкомпьютер құруға қажет жабдықтар таяу арада жеткізілетінін айтты.