Супермаркеттердің бағасы базардан арзан - министр Сүлейменов

«Осы орайда біз зерттеу жүргіздік. Бүгінде гипермаркеттер мен супермаркеттер төмен бағаны қойып отыр. Мәселен, ірі гипермаркеттерде азық-түліктің бағасы базардан 10-15 пайызға арзан, ал үйдің жанындағы дүкендерден 30-40 пайызға төмен. Ондай сауда орталықтарында тауар айналымы да жоғары. Бұдан бөлек, олар бірыңғай баға саясатын, бірыңғай дистрибьюторлық саясатты жүргізе алады. Сондай-ақ, салықты да уақытында төлейді», - деді Сүлейменов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Министрдің айтуынша, бүгінде «Бизнестің жол картасы» аясында заман талабына сай сауда орталықтарын қолдау шараларын кеңейту мәселесі қаралып жатыр. «Аталған мәселені біз бизнесмендермен де, Үкіметтің тиісті ведомстволарымен де талқылап жатырмыз», - деп атап көрсетті Сүлейменов.
Айта кетейік, бүгінгі отырыста Тимур Сүлейменов әлеуметтік маңызы баз азық-түлік тауарларының бағасы бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, маусымның соңында әлеуметтік маңызы азық-түлік тауарларының бағасы жыл басына қарағанда, 7 пайызға өсті.