Сұрапыл соғыс алматылық суретшілердің туындыларында бейнеленді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы суретшілері Жеңістің 70 жылдығына арнап тақырыптық көрме ұйымдастырды. Суретшілердің соғыс жылдары туралы туындылары бүгін Алматыдағы «Белая рояль» арт-галереясында орналастырылды. Шағын көрме мамырдың 16-сына дейін ашық болады.

Сұрапыл соғыс алматылық суретшілердің туындыларында бейнеленді

Көрмеге 9 қазақстандық автордың 20 жұмысы қойылған. Оның ішінде ең беделдісі -алматылық суретші, майдангер, ҰОС ардагері Арий Школьныйдың «Әскери натюрморт» туындысы. 1988 жылы жазылған картина жалғыз майдангер, суретшінің туындысы ретінде вернисажға қабылданған. Жасы 90-ды алқымдаған Арий Школьный көрмеге келе алмады. Суретшінің көп жұмысы Ә.Қастеев атындағы музейде сақтаулы.

«Бүгінгі көрмеге әр жастағы авторлардың еңбегі қойылды. Ең үлкені ардагерімізден бастап, жас қылқалам шеберлерінің туныдыларын көрермен назарына ұсынып отырмыз. Александр Белов, Юрий Юрьев, Георгий Ли, Александар Калачева, Далида Алиеа, Нарғыз Әлібек ҰОС ардагерлерінің батылдығы мен ерлігі портрет арқылы жеткізгісі келген», - деді өнертанушы Ольга Фадеева. Көрме галерея мамандары тарапынан ұйымдастырылған шығармашылық кешпен жалғасты. Бард әншілер Светлана Величко, Болат Мәліков соғыс тақырыбындағы әндерді шырқаса, Тоғжан Құттығаева Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» өлеңін мәнерлеп оқыды.