Сурет өнерінде жаңа техника ойлап тапқан әлемге әйгілі қылқалам шебері Rene Reza Астанада жеке көрмесін ашты
Rene Reza өзі өмірге әкелген жаңа техниканы - «филумизм» (латын тілінен «filum» - жіп, талшық деген сөзінен) деп атаған және сол арқылы жаңа заман өнерінің тарихына атын мәңгі қалдырды. Техниканың бірегейлігі сол, сурет қылқаламмен емес, акрил бояларын инеден қысып шығару арқылы кенепке түсіріледі. Осылайша жіптерге ұқсас түстер тұтас бейне жасап шығады.
Әлемде теңдесі жоқ өзіндік сурет салу машығын ойлап тапқан өнер иесі аталмыш стиль түрін патенттеп үлгерген және Халықаралық «Гиннес» рекордтар кітабінің номинанты атанып отыр. Қазір Рене Реза бұл бағытпен екі жылдан астам уақыт айналысып жүр. Инеден көркем бейне салып, бүкіл дүниені елең еткізген суретші өзінің жеке мектебін ашуға әлі асықпайды. Себебі бұның бірегейлігін, құпия-сырын әзірге өзінде ғана сақтағысы келеді.
«Мен бар ғұмырым бойы ешкімге ұқсамайтын, баламасы жоқ өз стилімді табуды арман етіп келдім, үздіксіз ізденісте болдым. 9 жасымда мен көркемсуретпен айналыса бастадым, енді міне 45 жасымда осындай жаңа стиль ойлап таптым. Мен өзімді академиялық суретшілердің қатарына қоспаймын, негізінен жаңа заман өнеріне үлес қосып жүрген адаммын. Менің картиналарымның сюжеті - жас бойжеткеннің образы. Бұл сюжетті біздің өмірімізге аллегория ретінде аламын, ғұмырымыз жастық шақ секілді қылыштың сабындай ғана қысқа екендігін еске салып отырғым келеді», - дейді суретші журналистермен болған авторлық кездесуде.
Ол Астанаға ең үздік деген суреттерін алып келді. Соның ішінде ең танымалы алтынмен апталып, үстінен ине бояуларымен салынған туынды - Григорий Распутиннің портреті. Сонымен қатар біздің елімізге жасаған сапары барысында ол филумизм бойынша шеберлік сыныптарын өткізіп, өзінің стилін балаларға үйретпек.
Оның айтуынша, бұл қылқалам шеберінің шетелге жасаған тұңғыш сапары. Өйткені экспозициялық жұмыспен бір жылдан астам уақыт қана айналысып келеді. Астанадан кейін ол АҚШ-қа, кейін Чехияға баруды жоспарлап отыр.