Суреті теріс басылған пошта маркасы аукционда 2 млн долларға сатылды
Өткен аптада Нью-Йорктегі аукционда жаңа рекорд орнады: «Төңкерілген Дженни» пошта маркасы екі миллион долларға сатылды.
Бұл жалпы әлемдік филателия үшін рекорд емес, ең қымбат марка – British Guiana тоғыз жыл бұрын 9,5 млн долларға сатылған болатын. Бірақ бұл – АҚШ-та шығарылған марканың рекорды. Kazinform бұл туралы ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.
«Төңкерілген Дженни» деп аталатын танымал марка 1918 жылы шықты. Оның номиналдық құны 24 цент еді. Ерекшелігі – маркада бейнеленген «Дженни» деп аталатын Curtiss JN-4 пошта ұшағы қателесіп теріс басылып кеткен.
Пошта қызметкерлері қателікті дереу байқағанымен, 100 марка айналымға кетіп үлгерді. Коллекция жинаушы-филателистер осы жүз маркадан қалғаны үшін ірі көлемді ақша төлеуге дайын.
Танымал коллекция жинаушы, 76 жастағы Чарльз Хэк Robert A Siegel Auction Galleries аукционында марканы алу үшін екі миллион доллар төледі.
Хэкте бұған дейін екі «Төңкерілген Дженни» бар еді. Біріншісін ғасыр басында 300 мың долларға сатып алса, екіншісін 2007 жылы миллионға жуық қаржы төлеп иеленді.
Бұл маркаға көптен бері филателистердің қолы жетпей жүрді. Оны шығарылғаннан кейін сырт көз мүлдем көрмеген, себебі иесі де, оның ұрпақтары да банк сейфінде сақтаған. Сондықтан оның бағасы жоғары болды.
2018 жылы ол алғаш рет аукционда сатылды.
100 марканың ішіндегі 49-нөмірлісі 105 жыл жарық түспегендіктен жақсы сақталған. «Түсі – қанық, ал қағазы – ақ», - делінген саудаға шығарылған марка сипаттамасында.
Чарльз Хэк Washington Post газетіне берген сұхбатында бағалы марканы ары қарай да жарықтан қорғайтынын айтты.